"Көлеңкеден қорқуды тоқтататын уақыт жетті": Қазыбек Иса орыс тілінің мәртебесін өзгертуге қатысты пікір білдірді
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Нұр-Сұлтандағы мектептердің бірінде айтқан мәлімдемесі жайлы пікір білдірді. Мәжілісменнің айтуынша, оның сөзі БАҚ беттерінде бұрмаланып кеткен. Бұл туралы ол Stan.kz тілшісіне баяндап берді.
KazTAG таратқан ақпаратқа сүйенсек, мәжіліс депутаты Нұр-Сұлтандағы №93 мектеп-гимназиясының ата-аналарымен кездесу барысында орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылуы керек деген тұжырымдаманы алып тастауды ұсынған.
Дегенмен мәжілісмен орыс тілді БАҚ оның мәлімдемесін бұрмалап жібергенін жеткізді.
"Мұны барлығы 39 депутат қолдады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі туралы заң болғасын, ол заңда шет елдің, яғни Ресейдің мемлекеттік тілі болмайтыны заңдылық қой! Мен осыны айттым. Ассамблеяда 2020 жылы барлық этнос өкілдері “Мемлекеттік тілді міндеттеу жөнінде заң қабылдау туралы” үндеу қабылдаған", – деді ол
Қазыбек Иса "Ақ Жол" фракциясының депутаттық сауалын "AMANAT" партиясының 22 депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2 депутаты, Халық партиясының 3 депутаты қолдағанын мәлімдеді.
"Оның ішінде Платонов, Шиповских, Буларов, Хамедов пен Қаратаев бастаған өзге ұлт өкілдері де бар. Ассамблеяның өзі "Мемлекеттік тіл туралы" заң жайлы үндеуді қабылдады. “Ақ жол” партиясының бұл ата-баба аманатын, халық талабын парламентте көтеріп жатқанын халық та қолдап отыр.
Бір қазақты екі тіл арқылы бөлудің қауіпі қандай болатынына өзіміз куә болдық. Енді көлеңкеден қорқа беруді тоқтататын, жаңаратын уақыт жетті", – деп түйіндеді Қазыбек Иса.
Айта кетейік, бұған дейін 36 депутаттың Конституциядағы орыс тілінің мәртебесін өзгертуді қолдағанын хабарлаған едік.