Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көкшетау тұрғындары пәтер аламыз деп жүргенде далада қаңғырып қалды

Көкшетау тұрғындары “тірнектеп жиған ақшамызға пәтер аламыз деп жүргенде, далада қаңғып қалатын болдық”,-  дейді. Айтуларынша, “Кансам” серіктестігінің қызметкерлері үй салып береміз деп, үлескерлерден миллиондап ақша жинап алған. Алайда екі жыл бұрын тапсырылу керек болған үйге әлі қол жеткізбегендерін айтады.

20160608211348

Фото: Казинформ

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Үлескерлер құрылысы бітпеген бұл көп қабатты үйге күнде келеді. Бүгінде сол үйді айналшықтап, 30-ға жуық адам жүр. Олардың айтуынша, “Кансам” фирмасын ашқан кәсіпкер екі жыл бойы ондаған тұрғынға құрылысы бітпеген дәл осы үйден пәтер беремін деп уәде етіп келген екен. Алайда, келісім шартпен заңдастырылғанына қарамастан, ақшамызды жымқырып, тақырға отырғызды дейді көпшілік. Мұндағы үлескерлердің әрқайсысы 25 мыңнан 100 мың долларға дейін кәсіпкерге пәтерақысын алдын ала беріп қойғандарын айтады. Ең сорақысы, кәсіпкер бір үлескермен ресми келісілген пәтерді, екінші бір үлескерге сатып жіберіп отырған дейді. Құрылысы бітпеген бір пәтердің алданған бірнеше қожайыны кәсіпкердің бұл әрекетіне ашулы.

“Төбеме жай түскендей болып тұрмын. Менің алғаным, мына жанымда тұрған қыздың пәтері болып шықты. Осы үшін 6 миллион теңге төледім”, – дейді үлескер Лариса Шмид.

Жаңа баспанаға қол жеткізіміз деп жүрген үміткерлердің үміті су сепкендей басылды. Себебі, бұл үйдің құрылысы жаңа жылдан бері тоқтап тұр. Құрылыс фирмасы басшысының қара көрсетпегеніне де осыншама уақыт болған. Қазір бұл үйдің айналысында не қоршау жоқ, не бақылап жүрген күзетші де байқалмайды. Иесіз қалған, бос ғимаратқа ұқсайды. Үлескерлер жаңа жылдан бері кәсіпкерді көрмегендіктерін айтады. Ал бірнеше мәрте прокуратура мен әкімдікке арызданғанымызбен, кәсіпкерге қатысты ешқандай шара қолданбай отыр дейді жиналғандар.

“Олардың қолдарында көпқабатты үй салуға рұқсат болған жоқ. Жерді де өздері жеке меншіктен сатып алған. Бұл прокуратура мен әкімдіктің қадағалауында”, – дейді «Көкшетау қалалық сәулет және қала құрылысы»бөлімінің  басшысы Илуа Әбенов.

Тұрғындар бұл фирманы газет пен көшедегі жарнамалардан тапқандарын айтады. Ал бірнеше ай бойы төбе көрсетпеген кәсіпкердің телефоны да өшірулі.


Жіберіп алмаңыз:

Атыраулық шекарашылардың былығын ресейлік әріптестері әшкерелеп берді

Талқылау