"Көкірегімді үлкейту үшін екі рет ота жасаттым": "Супермамасита" лақап атымен танымал Әлия Байтуғаева отбасы мен табысы жайлы айтты
Танымал блогер, “Супермамасита” лақап атымен танылған Әлия Байтуғаева алғаш рет отбасы туралы сұхбат беріп, зәулім үйін көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Жұлдызды шаңырақ” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Блогер күйеуі және үш баласымен 420 шаршы метр үш қабатты үйде тұрады.
“Жақында үйімізге жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Ол сұрақтардың бәрін жолдасыма қоярсыз. Мен оған қатыспадым. Үйіміздің құрылысы 9 ай дегенде бітті. Менің жеке территориям – асүй бөлмесі. Менің оқырмандарыма да жақсы таныс бөлме. Барлық тамақты өзім жасағанды жақсы көремін. Қазақша ет ассақ, қолдан қамыр жаямын. Балаларым да соны жақсы көреді. Терассамыз да бар. Кейде сол жақта шай ішеміз. Айтсам сенбейтін шығарсыз, осы күнге дейін үй көмекшісін ұстамағанмын. Барлығын өзім жасайтынмын. Кейін ойлана келе, үй шаруасына көмектесетін бір адамның керегін білдім”, – дейді блогер.
Сондай-ақ блогердің денсаулығы соңғы кезде сыр беріп, өзі жақсы көретін спортпен айналысудан бас тартқан.
"Спортпен айналысқанды өте қатты жақсы көремін. Бірақ қазір дәрігердің нұсқаулығымен бас тарттым. Ештеңе жасырмай, бәрін айтайыншы. Жеті жыл бұрын мен көкірегімді үлкейту үшін ота жасаттым. Екі омырауыма 400 миллилитр дөңгелек имплант салды. Оның салмағы жарты литр коламен бірдей. Әртүрлі өлшемі болғандықтан, маған “Д” деген түрін салды. Отадан кейін өзімді жақсы сезініп, еш жерім ауырмады. Бірақ уақыт өте келе ол пішінін өзгертіп, салбырап кетті. Салмағы да ауыр болғасын көтеріп жүру де мүмкін болмады. Ол менің омыртқам пен мойныма әсер ете бастады. Содан кейін ұзақ ойланып, өзіме ыңғайлысын таңдап, екінші рет ота жасаттым. Көкірегім жоқ болғасын қатты қысылатынмын. Имплант салдырғанда қатты қуандым. Енді маған ыстық моншаға түсіп, тауға шығуға, спортпен айналысуға болмайды”, – дейді Әлия.
Бүгінде “Супермамасита” ең табысты блогерлердің қатарында. Айлық шығыны мен табысы туралы да жасырмады.
“Ең жоғарғы табысым – миллиард теңге, тіпті одан да жоғары болса, таңғалмаңыз. Ай сайын керек-жарақ алу үшін орта есеппен 10 миллион теңге керек. Балаларға да қажет заттар бар. Бұрын “өлсең де, тірілсең де мына соманы табасың” дейтінмін. Қазір мүлдем олай емес. Бірақ жинақ қаражатымыз бар, болашағымызды сақтандыру үшін жинағанбыз. Айына қанша теңге бұйырады, сол – менің табысым. Қымбат киім мен бренд сөмкелерімді де көрсетіп мақтанғым келмейді. Ең бастысы, жұмысымды жақсы көремін, рахаттанып істеймін. Сол маған көп табыс әкеледі”, – дейді блогер.