Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

KMF Банк пен ЕҚҚДБ Қазақстандағы кәсіпкерлікті қолдауға 50 миллион доллар болатын екі келісімге қол қойды

Алматыда 1 шілдеде KMF Банк пен Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚҚДБ) жалпы сомасы 50 млн доллар болатын қаржыландыруды тарту бойынша екі келісімге қол қойды.

Оның 40 миллион доллары Қазақстандағы микро, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталады, ал тағы 10 млн доллар әйел кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған "Бизнестегі әйелдер II" бағдарламасы аясында ұсынылады.

Тартылған қаражат кәсіпкерлердің көпшілігіне бизнесті дамыту және ауқымын кеңейту үшін қаржыландыруға қол жеткізуге мүмкіндік береді. "Бизнестегі әйелдер II" бағдарламасы аясында кәсіпкер әйелдер қаржыландырумен қатар, өз ісін одан әрі дамыту үшін консультациялық қолдау мен сараптамалық ұсынымдарды да пайдалана алады.

Кәсіпкерлерді қолдау KMF Банктің негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Бүгінде банк несие портфелінің 90%-дан астамы бизнесті қаржыландыруға, оның ішінде аграрлық сектор мен әйелдер кәсіпкерлігі жобаларына тиесілі. Сонымен қатар, банк клиенттік базасының 55%-ы әйелдер.

"Бизнесті қолдау KMF Банктің қашан да негізгі миссиясы болды және солай болып қала береді. ЕҚҚДБ-мен ынтымақтастық кәсіпкерлерге, микро, шағын және орта кәсіпорындарға тұрақты өсім үшін қажетті ресурстарға қолжетімділікті кеңейтуге, өңірлерде бизнесті дамытуға қосымша мүмкіндіктер жасауға және ел экономикасындағы әйелдердің рөлін күшейтуге ықпал етеді. Біз үшін бұл келісімдердің маңызы ерекше, себебі олар - біз банк лицензиясын алғаннан кейін халықаралық қаржы институтымен жасалған алғашқы келісімдер. ЕҚҚДБ тарапынан көрсетілген қолдау KMF Банкке деген жоғары сенімді растайды және оны Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы көпжылдық еңбегіміздің мойындалуы деп білеміз", - деп атап өтті KMF Банк басқарма төрағасы Шалқар Жүсіпов.

KMF Банк пен ЕҚҚДБ арасында табысты ынтымақтастық тәжірибе бұрыннан бар. Бұған дейін тараптар жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламаларын, білім беру жобаларын және Қазақстандағы шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған менторлық бағдарламаларды қоса алғанда, бірқатар бірлескен бастаманы жүзеге асырды.

Банк операцияларын жүргізуге ҚНРДА 25.11.2025 жылы берген №1.1.121 лицензия

Stan.kz
Сәрсенбі, 01 Шілде, 2026 17:55