Қызметкерлер Талғар ауданындағы "Хутор" қылмыстық тобының бар-жоғын анықтап жатыр – Ішкі істер министрлігі
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жақында қамауға алынған Хасан Қасымбаевтың ісіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, тергеушілер Талғар ауданындағы "Хутор" қылмыстық тобының бар-жоғын анықтап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
"Қазір сол жерде біздің бір топ қызметкер жұмыс істеп жатыр. Мен бұл тақырыпты егжей-тегжейлі зерттемедім. Сондықтан оны тиісті басқармаға бағыттаған жөн. Қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталғаннан кейін, олар өзінің жауабын береді", – деді Игорь Лепеха.
Игорь Лепеха бұл іске полиция қызметкерлерінің қатысы бар-жоғын айтты.
"Біздің қызметкерлерге қатысты мәселе қаралып жатқан жоқ. Жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты ол (Х.Қасымбаев) ауыр қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Барлық процессуалдық әрекетті біздің қызметкерлер бірінші кезеңде орындады", – деді министрдің орынбасары.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. Бұл қоғамда үлкен резонанс тудырған. Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры лауазымынан босатылған еді. Шерзаттың ата-анасы әкімдік пен аудандағы құзырлы орган басшыларының қызметінен кетуін талап етті.
Осыдан соң Хутордың өкілі делінген Хасанның ағасы, Талғар ауданының әкім аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен кетті. Кейіннен "Хутор" бандасының жетекшісі деген Хасан Қасымбаев ұсталғаны туралы хабарлаған едік. Кейін оның Ережесіз жекпе-жек спортшысын аяусыз ұрып жатқан видеосы тарап, не үшін ұсталғаны белгілі болды. Сонымен қатар күні кеше, Хасан Қасымбаевтың анасы ұлының жазықсыз екенін айтып, президенттен көмек сұрады.