Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұңғышына пышақ жарақатын салған шымкенттік әйелден баласы әлі оқшауланбай отыр

Шымкент тұрғыны кәмелет жасына толмаған қызын аяусыз соққыға жықты. Өз қызын бес минут бойы жәбірлеген әйелдің қолында пышақ болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасының “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

30 наурыз күні Шымкентте үш баланың анасы тұңғышына қол көтеріп, тіпті суық қару кезеген. Салдарынан 14 жастағы қыздың қолы тілініп, жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Алайда әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғауға ешкім асығар емес. Себебі сырын айтамын деп шынын айтқан полиция қызметкерлері үшін бұл қанды қылмыс емес, қалыпты жағдайға айналған көрінеді.

Көреміз бағдарламасының редакциясына белгісіз біреу қызына жәбір көрсетіп жатқан әйелдің видеосын жолдаған. Ызалы әйел қызды бірде аяқпен тепкілеп, бірде әлдебір қатты затпен тоқпақтайды. Видео авторының айтуынша әйел қызын он жыл бойы соққының астына алып келеді.

Оқиға Шымкенттің Нұрсәт ықшам ауданында болған. 30 наурыз күні құзырлы орган өкілдері келіп, тергеу жүргізді. Топтың құрамында балалардың құқығын қорғау жөніндегі аймақтық уәкіл Жанетта Жазықбаева да болған. 

"Қыз баламен сөйлестім. Оның айтуынша, бұл жағдай бірінші рет емес, бірнеше рет болған. Бірақ бұған дейін анасы қызын осыншалық қатты ұрмаған. Қызының айтуынша, мамасының мінезі өте құбылмалы. Бірде өте мейірімді, бірде табан астында өзгеріп шыға келеді екен", – дейді Жанетта Жазықбаева. 

Артынша қыз бірден анасынан оқшауланып, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Шымкент қаласы балалар ауруханасының хирургия бөлімі қыздың саусағын пышақ орып түскен жарақатты тігуге мәжбүр болған. 

"30 наурыз күні кешкі сағат 19:40 шамасында жедел жәрдем көмегімен ауруханамызға 13 жастағы қыз келіп түсті. Қыздың шағымы бойынша сол қолындағы бас бармағының пышақ жарақатын алғанын анықтадық. Кезекші травматолог дәрігердің қарауынан кейін қолындағы жарақатына алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізіліп, тігістер салынды", – дейді балалар ауруханасы басшысының орынбасары Ержан Байдуллаев. 

Қазір кәмелетке толмаған қыз биологиялық әкесінің қамқорлығына берілді. Алайда ашуланса, не істеп, не қойғанына есеп бере алмай қалатын әйелдің қолында әлі кішкентай екі бала бар. Білім басқармасының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі ол балаларды да уақытша оқшаулау керек деп есептейді. Бірақ әйел балаларын бергісі жоқ. 

"Полиция қызметкерлері видеода көрсетілген тұлғаларды анықтады. Аталған жайт бойынша 30 наурыз күні қылмыстық іс қозғалды. Әйелдің бірінші некесінен туған қыз қазір әкесінің қамқорлығында. Тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр. Қажет сараптама тағайындалды", – дейді Шымкент қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Серік Ергешов. 

Оқиға орнына барған құқық қорғаушылар айғақтарды толық жинамай, жұмысын шала орындаған. Видеокамерадағы сол күнгі көрініс қана түсіріліп алынған. Оның алдындағы бір ай бойғы архив тексерілмеген. Кейін қайта барғанда бұған дейінгі видеолардың барлығы жойылған. Бұл әйелдің қызына алғаш қол көтеруі ме әлде үнемі қайталанып тұрған ба деген сұрақты анықтауға кедергі келтірді. 

Кейін әйелдің екі рет тұрмысқа шыққаны анықталды. Жәбір көрген 2010 жылғы қыз бірінші күйеуінен болып шықты. Азаматтық некедегі екінші күйеуінен 2022, 2024 жылы туған екі бала бар.

Оқиғадан кейін екі баланың жайына алаңдаушылық танытқан қалалық қамқоршылық бөлімінің қызметкерлері әйелдің үйіне бірнеше рет барғанымен, есігінен кіре алмай қайтты. Үй иесі есігін ашпаған, босағасынан аттатпаған. 

Тергеу аяқталса, сот қандай шешім шығаруы мүмкін? Заңгер маманның айтуынша, әлеуметтік желіде тараған видео ашушаң әйелге жүргізілген сараптаманы тездетуге негіз болуы керек еді. Мынадай сұмдықты көре тұра, балаға қауіп жоқ деу – абсурд. 

"Қазір қауіп төніп тұр деуге негіз жоқ деп ешкім айта алмайды. Бес минутта адамның көңіл-күйі өзгеріп, басқа адамға қиянат жасап қоюы мүмкін. Ал бұл жерде шарасыз кішкентай балалар. Ем көрсетіп, диагнозын анықтамай қандай да бір қорытынды айтуға болмайды. Құқық қорғау органдары мен қамқоршылық бөлімі – бала кәмелет жасқа толмаған жағдайда олардың құқығын қорғайтын орган. Тиісті іс-әрекет жасауға олар міндетті", – дейді заңгер Нұра Тынысқызы. 

Заңгердің айтуынша, оны анықтаудың ешқандай қиындығы жоқ. Жаңа заңның бала құқығын қорғауда артықшылығы көп. Бұрын мұндай жағдайлар арыз негізінде ғана қаралса, қазір әлеуметтік желіге тараған немесе бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетілген кез келген жаға ұстатарлық жағдай қылмыстық іс қозғауға негіз бола алады.

Талқылау