Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызым 30 жылдан кейін барамыз деді": Балаларын теріс ағымдағы күйеуі Африкада алып қалған әйел оларды елге қайтарғысы келетінін айтты

33 жастағы қазақстандық Гүлмира Зиятдинова 7 ай бұрын жары Рүстемге сеніп, оның артынан Мавританияға барған. Алайда шетелдегі күйеуі танымастай өзгеріп, теріс ағымның жетегінде кеткен көрінеді. Тіпті келіншекті күнара ұрып соғып, бала-шағасын өзімен бірге алып қалып, өзін Қазақстанға қайтарған көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Көреміз" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан алынды

Батыс Африкада өмірі тозаққа айналып, аядай бөлмеде ас ішіп, сол бөлмеде дәрет сындырғанын айтқан келіншек 6 жастағы қызы мен 3 жастағы ұлын елге қалай да қайтарсам дейді. 

"Жолдасыма Африка елінде тұра алмайтынымды айттым. Қазақстанға бармасамда Түркияға барып тұрайын дедім. Ол ешқайда жібермеймін, "бала-шағам менімен бірге қалады. Африка елінен қашан шығатынымды білмеймін, Қазақстан кәпірлердің елі, намаз оқымайды ол жақта. Балаларды мектепке бермеймін" деп айтты. Бала-шағама жұмыс істеймін деп алдап кеттім. Өйткені бала-шағама айта алмадым. Олар жылап қалды. Ұлым кеткен күнімнен бастап сөйлеспейді. 5 қазан күні Қазақстанға келдім. Ағам өзің бірінші келіп ал, ары қарай көре жатармыз деп Нуакшот қаласынан билет алып берді. Балал-шағаммен кейде сөйлесіп тұрамын. Менімен қызым ғана сөйлеседі. Ал балам мені тастап кеттің деп өкпелегендіктен сөйлеспейді. Бала-шағам күйеуім екінші әйелімен бірге тұрады", - деді әйел. 

Фото: Видеодан алынды

Өзі жетектеп барған балалары Африкада қалған Гүлмира құқық қорғау мекемелеріне де жүгінуден қорқып отыр. Себебі экс-жолдасы арызданғанын біле қалса Африканың өзге ауылына көшіп, ізін жасырып үлгереді дейді. Сондай-ақ қазақстандық келіншек жолдасымен отау құрған жылын, некедегі өмірі туралы да баяндап берді.

"2017 жылы отбасын құрдық. Күйеуім 2022 жылы Ресейде вахтада болған. Оған дейін екі баламмен Түркияда тұрдым. Күйеуім үйленген соң үш жылдан кейін өзгере бастады. Түркияға барып тұрамыз деді. Отбасымызбен сонда барған соң мені тастап, өзі Солтүстік Ресейге жұмыс істеуге кетті. Вахтада мұнай саласында жұмыс істеді. онда жүрген кезде екінші әйел алып үлгеріпті. Оны былтыр білдім. Екінші әйелмен бірге тұрмаймын деп қарсылығымды білдірдім. Сосын өзім Астанада тұрдым. Кейіннен күйеуім екінші әйелімен Африкаға кетіп қалғанын естідім. Астана қаласында бала-шағаммен тұрып жатқанда қайта жаза бастады. "Сені және балаларымды өзіммен бірге алып, сендермен ғана өмір сүргім келеді" деген соң Мавританияға бардым. Алайда онда сондай жағдайлар күтіп тұрғанын білмедім. Соңғы рет балаларыммен екі күн бұрын сөйлестім. Қызым Наим деген жерге көшетіндерін айтты. Маған қашан келесіңдер деп сұрасам, "оқу бітірген соң, мүмкін 30 жылдан кейін барамыз" деп айтты. Сосын мені сағынғанын жеткізді", - деді балалардың анасы. 

Фото: Видеодан алынды

Ал дінтанушы Мирхат Мадияров өз әйеліне талақ айтып, балаларын өзімен бірге алып қалған Рүстемнің жат ағымның өкілі екенін айтты. 

"Кері ағымның өкілі, уахаби ағым. Радикалдық көзқарасқа жақын болуы мүмкін. Көбіне орыс тілді азаматтар жат ағымның жетегіне ере кетеді. Практика бойынша ондай адамдар діннен алшақтау өлкелер Ақтөбе, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облысында кездеседі. Сириядағы соғысты көрген соң, ол мұсылман елі ретінде Мавританияны таңдаған. Ол елдің халқы сунниттік бағытта, халқының 40 пайызы кедей тұрады", - деді дінтанушы. 

Рүстем 1996 жылы туған Қарағанды облысының тумасы. Ұлты татар. Алайда 2016-2020 жылдары Ресей Федерациясында фуд-корт желілерінде жүк тасушы болған. 2020 жылдан бері Ресейге 30-35 жылға кіру құқығынан айырылып, елге қайтарылыпты. Ешқандай әлеуметтік желілерде тіркелмеген. Соңғы деректерге сүйенсек екінші мәрте шаңырақ көтеріп, азаматтық некедегі әйелінен бала сүйген. 

Талқылау