Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Түркиядан Серік Күдебаевты ұстап беруді сұрайды

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Алматы облыстық Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевтың Қырғызстан арқылы қайда қашқанын айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Күдебаевқа қатысты мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істің маңыздылығын ескере отырып Бас прокуратура өз қарауына алды. Ең мықты, тәжірибелі тергеушілер тартылып, іздеу жалғасып жатыр. Біз Қырғызстанға сұрау жібердік, енді іздеу жұмыстарын бірлесіп жүргізетін боламыз", ­– деді Жандос Өмірәлиев мәжіліс кулуарында.

Қырғыз күш құрылымдарының Қазақстан тарапына берген ақпараты бойынша, Күдебаев Бішкектегі Манас әуежайы арқылы Түркияға қашып кеткен. Оның қалай елге кіріп, одан ары Түркияға кеткенін қырғыз полициясы тергеп жатыр.

"Күдебаев Бішкектегі Манас әуежайы арқылы Ыстанбұлға ұшып кетті деген мәлімет бар. Қырғыз тарапы да мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту бойынша қылмыстық істі тергеуді бастады. Бізде Түркиямен келісімшарт бар және қазір олармен жұмыс істейміз. Барлық ақпаратты бере алмаймыз, деректерді ашып айта алмаймыз, себебі іздеу нәтижесіне кері әсер етуі мүмкін", – деді Бас прокурордың орынбасары.

Еске салайық, Алматы облыстық Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев 3 сәуір күні сағат 10:00-де сотқа жеткізілуі тиіс еді. Алайда прокурор күдіктіні алып келу туралы қаулыны орындау барысында оның елден кетіп қалғаны туралы хабарланды. 

Талқылау