"Қыздық пердені қоғам ойлап тапқан": Белгілі репродуктолог пәктік туралы қауесетке нүкте қойды
Белгілі тренер, жыныстық сауатты насихаттап жүрген Камила Тұяқбай жабық тақырыптағы мәселелерге тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Nazym Zhangazy арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Скриншот: https://www.youtube.com/watch?v=nQGQwE7ChqQ
Репродуктологтың айтынша, жыныстық сауат ұл балалардан гөрі қыздарға көбірек айтылатын көрінеді.
“Қыздармен жыныстық қарым-қатынас туралы сөйлескенде әңгімеміз етеккір кезінде пайдаланатын төсемшелерден әрі аспайды. Әріқарай ештеңе түсіндірілмейді. Кеудеде пайда болатын түйін, жыныс мүшедегі өзгерістер, ләззат алу, жүктілікті болдырмайтын әдіс-тәсілдер туралы айтылмайды. Өзіміз ашық сөйлеспейміз де, қыздарымызға “бір жеріңе ие бол, күйеуге қыз болып тиюің керек” деп талап етеміз. “Сенің абыройың – әулеттің беделі, сен пәктігіңнен айырылып қалсаң, отбасымызға сын” деген сияқты сөздерді айтамыз”, – дейді кәсіби маман.
Сондай-ақ тренер ел арасына таралған “қыздық перде” ұғымына да тоқталды.
“Қыздық перде дегеніміз – ешқандай клиникалық пен медициналық сипаттамасы жоқ, әлеуметтік құрылым. Оны қоғам ойлап тапқан. Медициналық атауы – гимен. Ол – жатырға кіреберісті жауып тұратын тері бөлшегі. Оның арасынан қан-тамыр жүйесі өтеді. Жүйке жүйесінің тамыры болмағандықтан, ол сезілмейді. Сондықтан оның бары да жоғы да білінбейді. Оған зақым келетін болса, одан қан ағады. Сол алғашқы қанды біз “қыздық перденің дәлелі ретінде қарастырамыз. Оның түрі көп. Созылатын және созылмайтын деген түрі кең таралған. Созылатын түрі болса оның зақымдануы қиындау болады. Ал созылмайтын болса тез бүлініп, жыртылып кетеді. Ол кезде қан ағады. Соны қоғам “қыздық перде” дейді. Қанның көрінген немесе көрінбеген түріне қарап, қыз баласын балағаттап жатады. Қан бөлінбесе қызды жерден алып жерге салады. Күйеуі тастап кетеді немесе әр күн сайын бетіне басып, “қыз болып тимедің” деп зорлық-зомбылық көрсетеді. Бұл дұрыс емес. Қыздық перде мен пәктік – қоғамдағы кең таралған және қолданыстағы көп мифтің бірі. Әйел затын осы бір кішкентай тері бөлігіне дейін оның адам ретінде құндылығын түсіріп тастау дұрыс емес”, – деген пікір айтады репродуктолог.