"Қыздарымның алдында сатқын сезінемін": Алмас Кішкенбаев екінші рет отбасын құру туралы
Алмас Кішкенбаев ажырасқанына 4 жыл уақыт өтсе де, екінші рет үйленуге дайын емес. Әнші бірінші некесінен туған қыздарының алдында өзін жайсыз сезінетінін ашық айтты. Өзге әйелге қарасам, қыздарыма сатқындық жасағандай боламын, деп сырын ақтарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әнші бос уақыты болса, қыздарымен бірге өткізуге тырысады. Ондай сәттерді Instagram парақшасында көрсетіп отырады. Сондай күндердің біріне куә болған оқырмандар Кішкенбаевқа өзінің жеке өмірін ұмытпауға, жаңадан отау құруға кеңес берді. Алайда әнші оған дайын еместігін жеткізді.
"Әзірге оның қалай болатынын елестете де алмаймын. Сұлу қыздарымның алдында сатқын сезінемін. Сондықтан бұл әзірге мен үшін ауыр сұрақ. Мүмкін мен қателесемін. Білмеймін, уақыт көрсетер.
Негізі маған жақын адамдардардың айтатын әңгімесінің барлығы осы тақырыпта. "40-қа жақындап қалдың ғой. Болмайтынын біліп тұрсаң, басқа отбасын құрып, өміріңді өзгертші" дейді. Мен өзімді 30-ға толмаған адамдай сезінемін", – дейді Кішкенбаев.
Алмас 4 жылдың қалай өтіп кеткенін байқамай қалғанын атап өтті. Сондай-ақ Кішкенбаев артық салмақтан арылу туралы сауалға жауап берді.
"Шынымды айтсам, маған соның қажеті бар-жоғын білмеймін. Қажет болса, салмақ тастармын. Әзірге өзіме ыңғайлы. Қазір ол бойынша ешқандай комплекс жоқ. Тәуекел Мүсілім емес екенімді білемін. Қанша арықтасам да, ол сияқты бола алмаймын. Сондықтан барына тәуба деп жүрміз ғой", – деді ол күліп.