Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанға коронавирустың жаңа түрі қауіп төндіріп тұр - Министр пандемияның аяқталуы туралы

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қытайда коронавирустың жаңа түрі тарап жатқанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Бүгінде Қытайда омикрон – "стелс-омикронды" жұқтыру жағдайлары көбейіп жатыр. Күніне ауруға шалдыққан 30 мың адам тіркеледі. Ол жақта қатаң шектеу шаралары қолға алынды. Біз де осы мәселеге қатысты жағдайды бақылап отырмыз. Ай сайын оң нәтиже көрсеткен ПТР-тестерді қараймыз, Қытайда тіркелген омикрон және оның басқа да түрлері бар ма, жоқ па, оны да тексереміз", – деді Ғиният сенаттағы отырыстан кейінгі брифингте.

Министрдің айтуынша, бүгінде коронавирус инфекциясын анықтау жүйесі бар. Бірақ жаңа мутацияның әсері қандай болатынын дөп басып айту қиын.

"Коронавирустың жаңа түрі келсе, науқастардың саны күрт өсуі мүмкін, я болмаса, қазіргі ұжымдық иммунитет қарсы тұра алады. Онда ол ауру кәдімгідей тұмау сияқты өтеді", – деп атап өтті Ғиният.

Қазіргі кезде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мониторинг және зерттеу шараларын жүргізіп келеді.

"ДДҰ басшысы жағдайдың бірқалыпты емес екенін айтып отыр. Олар бақылау жүргізіп келеді. Пандемия әлі аяқталған жоқ", –  деді денсаулық сақтау министрі.

Талқылау