"Кісі өлтіру мотиві анықталды": Танымал заңгер Бишімбаевтың сот отырысында маңызды нәрсе мәлім болғанын айтты
Заңгер Ержан Есімханов әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деп айыпталған Бишімбаевтың ісі бойынша сотқа пікір білдірді. Айтуынша, 22 сәуірде сот отырысының ең маңызды сәті болды. Себебі бұл айыптау тарапына жетіспеген маңызды бөлшекті түсіндірген көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram.com/yer_yess/Жоғарғы сот
Есімхановтың сөзінше, 22 сәуірдегі сот отырысы өте маңызды нәрсені ашты. Соның арқасында айыптау қисыны толық және түсінікті болды.
“Бірнеше ай бойы Бишімбаевтың адвокаттары Салтанаттың өлімі байқаусызда болды деген позицияны ұстанды. Олар адам өлтіру ниеті болған жоқ деді. Айыпталушының өзі емес, еден, дәретхана, ішімдік кінәлі деп түсіндірді. Айыпталушы өлімнің алдын алуға және марқұмға көмектесуге тырысқанын дәлелдегісі келді.
Бірақ бұл позициялары күлге айналды. Өйткені видео жарияланғаннан кейін ұрып-соғуға негізсіз қызғаныш пен реніш себеп болғаны анықталды. Содан кісі өлтіру мотиві анықталды. Бұл – қылмыстың субъективті жағының негізгі элементі”, – деді заңгер.
Айтуынша, әр қылмыстың қылмыстық құрамы болады. Қылмыстық құрамның төрт элементі бар – субъект, объект, субъективті жағы және объективті жағы. Егер оның біреуі анықталмаса, қылмыс дәлелденбейді екен.
“Қуандық Бишімбаевтың кім екені анық, ол – субъект. Объект – Салтанат Нүкенованың өмірі. Объективті жағы – адам өлтіру кезінде болған барлық жағдайлар. Бұл істе субъективті жағы жетіспеді. Ешқандай мотив болған жоқ, өйткені айыпталушы ешкімді өлтіргісі келмегенін және олай етуге ешқандай себеп жоқ екенін айтып келді. Қазір адам өлтіруге түрткі болған нәрсе баршаға мәлім болды”, – деді Есімханов.
Бұған дейін танымал адвокат Жохар Өтебеков Бишімбаев 25 жыл немесе өмір бойына сотталуы мүмкін екенін айтты.