"Кісі өлтіру дерегіне қарағанда бұрынғы қарым-қатынасы маңызды": Баян Мақсатқызы марқұм Салтанат Нүкенованы қаралауды тоқтатуды өтінді
Танымал продюсер Баян Мақсатқызы қоғамда қызу талқыланып жатқан Бишімбаевтың ісіне қатысты пікір білдіріп, марқұм Салтанат Нүкенованы айыптамауды өтінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/bayanmaxatkyzy/
Продюсер зорлық-зомбылық, азаптау мен адам өлтіруді ешқандай себеп ақтап ала алмайтынын ескертті.
“Ең қорқыныштысы және сұмдығы, қоғамда кісі өлтіру дерегіне қарағанда бұрынғы қарым-қатынас әлдеқайда маңызды болып отыр. Қоғамның бір бөлігі Салтанаттың өзін кінәлі деп санайды, қалайша?! Ештеңе де, ешқашан да зорлық-зомбылық, азаптау мен адам өлтіруді ақтай алмайды. Болып жатқан жағдайдың бәріне қарап, жаным ауырады. Салтанат, бәрімізді кешір! Жаның жәннатта болсын!, – деп жазды продюсер.
Айта кетейік, кәсіпкер Райымбек Баталов Бишімбаевтың сөздеріне қатысты мәлімдеме жасап, марқұммен байланыспағанын айтып ақталған еді. Баталов соңына дейін Бишімбаевқа қатысты сот ісіне пікір білдіргісі келмегенін, бірақ атына кір келтіретін, ойға қонымсыз әңгімелер айтылып жатқандықтан, үнсіз қала алмағанын айтты.
“Атыма кір келтіретін лас әңгіме мені мәлімдеме жасауға мәжбүрледі. Сұмдық қылмыс жасады деп айыпталып отырған күдіктінің маған қатысты айтқан айыптауы – ойға қонымсыз жалған әңгіме. Мұндай жалған ақпаратқа сенбеңіздер. БАҚ өкілдері мен блогерлерді сенімсіз ақпаратты таратпауға шақырамын”, – деді кәсіпкер.
Еске салайық, Қуандық Бишімбаев сотта неліктен Салтанат Нүкенованы балағаттап, боқауыз сөздермен интимдік сипаттағы сұрақтар қойған видеоны түсіргенін түсіндірді. Бүгін бұл видеолар оның ұялы телефонынан табылып, сотта көрсетілді.