Қырғызстан биыл Қазақстанға 600 миллион текше метрден астам су жібереді
Фото: Ru.freepik.com
Сәуір айының соңынан бастап Қырғызстан Республикасы Талас өзені арқылы Қазақстанға тағы 400 миллион текше метр, Шу өзені арқылы 180 миллион текше метр су жібереді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қырғыз бен Қазақстан тараптары Жамбыл облысының егіс алқаптарын суаруға қажетті су көлемін ұлғайтуға келісті.
Сонымен қатар тараптар қоршаған ортаны қорғау және су сапасының мониторингі бойынша бірлескен жұмыс тобының жұмысын талқылады.
Жиынға сыртқы істер министрлігі, төтенше жағдайлар министрлігі, экология және табиғи ресурстар министрлігі және Жамбыл облысының әкімдігі атынан мүдделі мемлекеттік органдар қатысты.
“Былтыр қырғыз әріптестерімізбен бірлескен жұмыстың арқасында Жамбыл облысындағы шаруаларды суару суымен толық қамтамасыз ете алдық. Осылайша, Талас өзені арқылы Қазақстанға болжанған 380 миллион текше метр судың орнына 418 миллион текше метр су кірді. Ал Шу өзенінен 165,3 миллион текше метр су алынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 29,7 миллион текше метрге артық”, – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Қырғызстан сәуір айынан бері суару маусымы басталғалы Талас арқылы келісілген 600 миллион текше метрдің 45 миллионын жіберіп үлгерді. Шу өзені арқылы Қазақстан 180 миллион текше су алады.
Бұған дейін Қырғызстанның Су ресурстары Қазақстан тарапынан су мәселесіне қатысты ешқандай шағым жоғын айтқан еді.