Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қынапты тарылту арқылы ләззат сыйлау". Косметологқа 1,5 миллион теңге төлеп, курсқа қатысқан әйелдер сан соғып қалды

"Жас Ару" клиникасынан тәлім алған келіншектер Раиса Закария атты косметологтың курсына наразы. Барлығы дерлік танымал косметолог Раиса Закариядан құны 350 000 теңгеден басталатын "бет әжімін кетіру" курсын сатып алған. Анықталғандай бұл курсты әлеуметтік желіде бірқатар "жұлдыз" жарнамалаған. Сұлулыққа жаны құмар бір топ келіншек жылтыр жарнамаға оңбай ұрындық деп сан соғып отыр. "ЖасАру" клиникасының жалған курс оқытып, қыруар қаржыға кенеліп отырғаны рас па? Жылтыр жарнама жасаған "жұлдыздар" не дейді? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Көреміз" бағдармасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеокадрдан алынған: Мөлдір Нұрадинова, Жанар Наурызбаев және “ЖасАру” орталығының директоры Раиса Закария.

Қарағандылық Жанар Наурызбаева жылтыр жарнамаға алданып қалған

“Әлеуметтік желіден инесіз әжім көтеру туралы жарнаманы көрдім. Жарнаманы зерттеп, біраз уақыт бойы қарап жүрдім”, – деді Жанар.

Ал Семейден келген Мөлдір Нұрадинованың косметологтан көңілі қалған.

“Жасару компаниясын" Instagram-нан көрдім. Жарнаманы адам қызығытындай етіп, әдемі жасаған. Адамдардың әжімін түсіріп, дейін және кейін деп көрсетіп қойған. Нәтижелерін көріп, қатты қызықтым. Осы Раиса ханымға тікелей өзім қоңырау шалдым”, – деді Мөлдір.

Косметология саласын меңгеріп, кәсіп бастаймыз деген әйелдер курсқа қомақты қаржы құйса да, ешнәрсе үйренбегенін айтады. 350 мың теңге төлеп, 9 процедураның біреуін де жетік меңгермедік дейді. Ал бар болғаны екі күнге созылған теориялық сабақтан кейін Раиса шәкірттеріне сертификат беріп, жылы қоштасқан көрінеді.

"Ол кісінің берген ешқандай біліміне қанағаттанған жоқпын. Ешқандай жауапкершілік жоқ. Біздің төлеген ақшамызда чек жоқ. Ешқандай келісімшарт жоқ. Препаратын да, аппаратын да көрген жоқпын. Инструкция берілмеді. Барлығында қытайша жазылған. Еш түсініксіз. Құжатын сұрасақ бермейді", – деді Жанар.

Серфикаттарын неге алғанын, онда не жазылғанын түсінбеген келіншектердің айтуынша, жасару орталығында ешқандай санитарлық нормалар сақталмайды. Ал әжімді кетіретін препараттар шетелден құжатсыз жеткізіліп жатқан көрінеді. 

"Егер осылай шәкіртті тәрбиелей алмаса, оқыта алмаса, мұндай жауапсыздыққа жол берсе, мүлдем оқытпай-ақ қойсын. Елді алдамасын. Күшті жарнама жасамасын. Ақшамды қайтарсын. Жұмыс істегім келмейді. Кейін біреудің өмірін қор қылып, тағы бір жерін бүлдіріп алсам, басыммен жауап бере алмаймын", – деді Мөлдір.

Мөлдір былтыр желтоқсан айында курсты оқыған.

"10 желтоқсан күні Алматыдағы салонға бардым. Айтқан уақытынан ерте барып, бас косметологты күтіп отырдым. Өзі екі-ақ күн болатын курсқа Семейден ат терлетіп келдім. Декреттегі ана болғандықтан, баламды тастап барған едім. Осы 2 күндік курстың өзінде-ақ, бірінші күні 1,5 сағат күттім. Раиса ханымның өзі болған жоқ. Көмекшелері нұсқап үйрете береді деді. Сөйтіп сол күні ақша жіберуімді талап етті. Ал ақшаны оның атына емес, басқа біреудің шотына аудардым. Жеке нөмерге жібердім. Төлем жасағаннан кейін сабақты бастадық. Алайда ол кезде беттің анатомиясы және қалай әрекет ету туралы ештеңе көрсетілген жоқ. Тек көз мөлшерімен салынған "нүктелер" түсіндірілді. Сол бет әжімін кетіру үшін 9 техниканы үйренуіміз керек едік. Мысалы, маңдай, көз айналасы, мұрын, қастың ортасы, жақ көтеру, бет көтеру, іш көтеру дегендері бар. Айтқандардың нүктелерін ғана көрсетті. Бұл курсқа қызығып келгенімнің басты себебі болды. Онда ол емшектегі аналар мен жүкті әйелдерге қолдануға болады делінген, соны көріп бардым. Медициналық білімім бар болғандықтан, қорықпай келген едім. Қосымша табыс тауып, кәсіп бастауға ниет бар еді", – деді Мөлдір.

Жанар практикада косметологтардың еш дайындығы жоқ екенін айтты.

"Екінші күні келіп, былай деді. Бүгін сабақты сіздерге Мейірман деген жігіт үйретеді деді. Естуімізше, ол – оның туысқан інісі. Жігіттің жасы небәрі 17-18-де. Раиса Закария екі күннің орнына жарты күн ғана, әрі кетсе 1,5 сағат үйретті", – деді Жанар.

Білім алуға келген келіншектер не себепті модельге айналды? Әр оқушысынан 350 мың теңге алған танымал косметолог қандай препараттарды қолданатыны да белгісіз. Косметологияны үйренуге келген әйелді әп-сәтте процедура кабинетінің төсегіне жайғастырып, бетіне әлденені сызып жатқанын байқауға болады. Массаж жасап жатқан –оқушы статусындағы Мөлдір. Ал Раиса Закария барлығын бақылап тұр. Жанат ханымның оқуы осы модельдікпен аяқталған.

Фото видеокадрдан алынған

Ал "Жасару" орталығының бас косметологы Толғанай Нұрымбетова курстың бағасы 350 000 теңгеден және жеке дайындық курсы 1,5 миллион теңгеден басталатынын айтты.

"Медициналық біліміңіз болмаса, миллион теңге тұратын курсты меңгере алмайсыз. Себебі ол курстың бағасы қымбат болғандықтан, инъекциядағы дәрі-дәрмекті денеге енгізеді" деді косметолог Толғанай. Дегенмен инъекциямен қандай процедуралар жасалатыны туралы ашық айтпады. Оқу барысында барлық техникасы үйретіледі деді. 

"Қолдары толық үйреніп кеткенше бізден білім алуға келе алады. Алайда берілген білімді қолдана алмаған оқушылар үшін орталық жауапкершілік алмайды", – деді косметолог.

Бұл әйелдерден бөлек тағы дәрігер маман Раиса Закариядан миллионнан аса теңгеге курс сатып алған.

"Адамға қарым-қатынасы өте төмен. Сабақ беруге, тәжірибе бөлісуге ешқандай дайындығы жоқ. Егер сіздің оқытуға қабілетіңіз жоқ болып, шәкірт тәрбиелей алмасыз ба, онда басқа адамдарды алдаудың қажеті жоқ", – деді Ләззат.

Көз тартатын жарнаманы сатып алып, кейін опық жегендердің бірі – Ләззат. Келіншек 18 түрлі техниканы меңгеру үшін Раиса Закарияның шотына 1 миллион 200 мың теңге аударған. Алайда ол техникаларды үйренбек түгілі, ақпарат ала алмаған. 

Фото видеокадрдан алынған

"Онда әжім кетіру, бет тарту, қынап тарылту (ұзақ және қысқа уақытқа тарылту), мойын тарту, жақ тарту, қолтықтың жағымсыз иісін кетіру секілді техникаларды үйретемін деді. Сол 18 техниканың біреуін де түсіндіре алмады. "Қынапты тарылту арқылы қыздық сезімді сыйлау", бұл техника ма енді? Мұнда препараттарда не атауы, жарамды мерзімі көрсетілмеген. Құрамы қандай екенін білмесек, басқаларға қалай процедура жасаймыз? Бұл препараттың адам ағзасына зияны бар я жоғын зерттесе екен деймін", – деді Ләззат Сейтмұхамбетова.

"Курсты оқу кезінде салонға қынабын тарылту үшін әйел келді. Ол 34 жастағы әйелдің 4 баласы бар. Ол да Қытайдан келген екен. Ол "қынап тарылтуға келдім. Бірақ мен де ауырсыну бар" деді. Дискомфорт сезінем, бөлініс бар деді. Сөйтіп Раиса оның қынабын көріп, "ой жатырың қатты ісініп тұр екен. Тырсылдап тұр" деп клиентінің асты-үстіне түсті. Сөйтіп сол кезде салуға бола ма деп сұрағанда, бола беретінін айтты. Енді онда қолданылған шариктер "стрильный" емес, жай таза ғана укол қолданылды. Инъекция жасаған кезде біреуге қолданылған шприцті қайта қолданды. Бұл енді ешқандай медициникалық талапқа сай келмейді. Антисептика талаптары сақталмаған. Тіпті, бөлме кварцтелмеген. Түрлі процедура жасалынғаны қарамастын, бөлменің ішіндегі ауа тазаланбайды. Онда жаңағы әйелден Раиса "ірің шығып жатыр, ірің" деп екі жағына шарикті тықты да қойды. Ол жерде ірің емес, таза қан шықты. Сол кезде мен видеоға түсіремін деп сұрадым. Алайда ол түсіруге болмайтынын, ұнамаса шығып кетуімді талап етті. Ем қабылдап жатқан әйел түсіруге рұқсат бергеніне қарамастан, байбалам салды. Содан соң еріксіз аузымды жауып тұруға тура келді", – деді Ләззат.

Фото видеокадрдан алынған

Ал Раиса Закарияның айтуынша, бұл кісілер басында бәрін оқып бітірген.

“Модельге жасап, бәрін біліп алған. Бәрін үйреніп алғаннан кейін ақшамызды қайтар деп  отыр. Бұл бізге де дұрыс болмайды ғой. Біреуі шықса, қалған оқушылар да ақшамызды қайтар дейді. Оқуды бәріне бірдей үйретіміз. Біреуі алып кетсе, екіншілерінің алып кете алмағанына кінәлі емеспіз”, – деді Раиса Закария.

Белгілі болғандай, Раиса Закария препараттарды Қытайдан тасымалдайды екен. Процедура жасайтын аппараттары да қазақстандық сатылым қосымшаларында небәрі 16,500 теңгеге бағаланып тұр. Тіпті, сертификатының заңды лицензиясы да жоқ көрінеді.

Талқылау