Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кінәлілер арасында полицей де бар": Қызылорда облысында Наурыз тойлауға кетіп, қаза тапқан ер адамның әйелі әділдік іздеп жүр

Қызылорда облысы Қазалы ауданында наурыз мерекесін тойлауға барып, адам қолынан көз жұмған ер адамның әйелі әділдік іздеп жүр. Гүлназ Сатаеваның айтуынша, жолдасын бірнеше адам жабылып, соққыға жыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Марқұмның әйелінің айтуынша, күйеуін соққыға жыққандардың ішінде ауылдағы учаскелік полицей де бар. Алайда тергеушілер істі бұрмалап, тек адамды қамауға алған екен. 

Марқұм Берік Серіков жастайынан спортқа жаны құмар болыпты.

“Ол күш сынасатын сайыстарда ауыл жігіттеріне дес бермейтін. Тіпті қаза болған күні гір тасы мен қой көтеруден жеңімпаз атанды. Өзім жетімдікті ерте көрдім. Әкем де, анам да осы жолдасым еді. Адамның қанын мойындарына жүктеп, осы уақытқа дейін ар-намыстары оянбай қалай отырғандарына таңғаламын”, – деді марқұмның жары. 



Марқұмның жарының айтуынша, 35 жастағы ер адам жеңімпаз болған күннің ертеңіне наурыз тойы жалғасып жатқан Шәкен елдімекеніне барған. Көрші ауылдан тағы да жеңіспен оралар деп күткен отбасы кешкі уақытта қаралы хабарды естіпті.

“Қанды оқиғаны көргендер Берікті төрт жігіт жабылып ұрғанын айтты. Тіпті олардың арасында учаскелік полицей де болған. Алайда қазір бір ғана күдікті тергеуге алынып, қалғаны бостандықта жүр. Бір ғана адам мен өлтірдім деп мойнына алып отыр. Бірақ оған сенбеймін. Қасына еріп барған жолдастары куәгер есебінде маған айтты. Қасында тағы да үш бала бар еді деді. Оның ішінде учаскелік полицей де бар”, – дейді марқұмның жары. 

Ал Қызылорда облыстық полиция департаменті тергеу жүріп жатқанын айтты. 

“Шәкен ауылындағы адам өліміне байланысты қылмыстық іс тіркелді. Кінәлі тұлға қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада.

Қайғылы оқиғаға нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Марқұмның жары іс бұрмаланбай, қылмысқа қатысы бар адамдардың барлығы тиісті жазасын алсын дейді. 

Айта кетейік, бұған дейін жұмыс орнында қаза тапқан West Oil Software қызметкерінің туыстары әділ тергеуді талап еткен еді. 

Талқылау