"Кім ол соншама?": Депутат Еділ Жаңбыршин ҚТЖ басшысына мәжіліс отырысына келмегені үшін шүйлікті
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин "Қазақстан темір жолы "ҰК" АҚ-ның қаржылық жағдайын сынады. Депутат парламент отырысына басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевты шақыруды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото мәжіліс отырысынан
Отырыс барысында Жаңбыршин "ҚТЖ-да сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің өте көп екенін алға тартты. Осыған байланысты мәжілісмен ҚТЖ басшысының неге отырысқа келіп, жауап бермегеніне наразылығын білдірді.
"Бүгін біз парламентте көлік министрлігін тыңдаймыз. Сондай-ақ ҚТЖ-ға қатысты сұрақтарымыз бар. Бірақ ҚТЖ президенті бұл жерде жоқ. Сауранбаев деген кім ол, неге келмейді? Өмірі келген емес. Парламентте жұмыс істеп жүргеніме үш жыл болды. Қайта-қайта осы мәселе көтеріледі. Сауранбаев келмейді. Не қылған адам? Өмір бойы жемқорлықтың бәрі ҚТЖ-да былығып жатыр. Ал ол болса мына жерге келіп, жауап бермейді. Орынбасарларын жібереді. Ал біз Қазақгазды қараған кезде оның бастығы келді мұнда. “Самұрық қазынаны” қараған кезде оның да бастығы келді. Ал неге ҚТЖ-ның бастығы келмейді? Кім ол соншама? " – деді Жаңбыршин.
Сонымен қатар депутат теміржолшылардың өмір сүріп жатқан жерлерін сынға алды. Айтуынша ҚТЖ-ның басшысы бір рет те елмен кездеспеген.
"Олар әрдайым мемлекеттен қаражат алады. Біз ақшаны басқа салаларға жетпеген кезде құямыз. Ал олар тек шығынмен жұмыс істейді. Бұл фактілерді жою қажет. Естеріңізде болса, "Қазпошта" басшыларын шақырғанбыз. Біз оларды тыңдадық. Олар сол кезде 15 миллиард шығынға ұшыраған еді. Кейін мәселесін тыңдағаннан соң парламенттің қолдауымен 2 миллиард пайдаға шықты. Неліктен ҚТЖ-мен де осылай жасамасқа?
Неліктен біз үлкен ұлттық компанияларды шақыра алмаймыз. "Қазмұнайгазды", "Қазатомөнеркәсіпті" шақырайық. Өйткені уақыт келді. Барлық байлық біздің халыққа тиесілі. Барлығын тыңдайық, олардан қаражаттың нақты қайда жұмсалатынын жауап беруін талап етейік. Олардың көліктері де, жалақысы да, үйлері де бар. Бұл – халықтың қаражаты. Сондықтан күзде өтетін сессияға олар парламентте сөз сөйлеуге дайындалсын", – деді Еділ Жаңбыршин.
ҚТЖ басшылығы Нұрлан Сауранбаевтың Қытайда іссапарда жүргенін айтып, сол себепті мәжілістің жалпы отырысына қатыса алмағанын түсіндірді.