Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кім не десе, о десін": 46 жасында ұзатылған әйел желіні шулатқан өзінің махаббат хикаясын айтып берді

Жуырда ғана орта жастағы әйелдің ұзатылған сәті әлеуметтік желіге тараған еді. Қазнетте қызу талқыланған видеодағы келіншек – танымал композитор әрі филолог Ғалия Шаудырбаева екен. Ол 46 жаста өзінің өмірлік серігін жолықтырып, тұрмысқа шыққан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.

 
Ғалия Шаудырбаеваның айтуынша, ғашықтар Facebook желісі арқылы танысқан. Кейін бір айға жуық жігіт пен қыз ретінде көңіл жарастырып, шаңырақ көтеруге бел буыпты. Сазгердің сезімін селт еткізген серінің есімі – Сермұхан. Екеуі түйдей құрдас, яғни 46 жаста екен. 

"Тура ораза айы басталған кезде компьютерімнің пернетақтасының астына "Аллаһым, маған мені сүйетін, аялайтын, құрметтейтін азаматпен таныстырып, бас қосуыма көмектесші" деп екі күн қатарынан ақ параққа жазып қойдым. Аллам қабыл етті ме, бір аптаның ішінде әлеуметтік желі арқылы таныстық. Бір ай қыз бен жігіттей тарауық намазына барып жүріп, "егер осы азамат маған лайық болса, неке қияйық, заңды некеге тұрайық деп айтса" деп мен Құдайдан тіледім. Тура солай болды. Жүзік тағу менің арманым болатын, сол арманыма жеттім", – деді Ғалия Шаудырбаева.


46 жасында бақытын тапқан композитор жанына жақын жандардың басын қосып, дүркіретіп думанды кеш ұйымдастырған. Тойда елге танымал жұлдыздар да бой көрсетті. Мәселен, қос ғашық Қарақат Әбілдина шырқаған "Бағала" әніне вальс билеген. Айта кетейік, "Қыз деген – ана, ана деп қана, бағала оны, бағала" атты ән "Жігіттер" тобының әншісі Бағлан Әбдірайымовтың орындауында қалың көпшілікке жақсы таныс. Аталған туындының музыкасын жазған да дәл осы сазгер Ғалия Шаудырбаева.  

 "Әдемі сәтте жазылған ән Бағлан Әбдірайымовтың орындауында халықтың жүрегіне жетті. Қазір оны Қарақат Әбілдина да орындап жүр. Қарақаттың орындауымен де қазақтың қаншама қызы ұзатылып жатыр. Біздің тойда осы ән орындалған кезде көз жасыма ерік бердім. Сондай бір әсерлі болды. "Мені осылай бағаласа екен деп тілеп едім, сол тілегім араға жылдар салып орындалып тұр ғой" деп қуандым. 46 жаста тұрмысқа шыққандағы әсерім 18 жастағыдай. Сол 18 жастан түк айырмашылығы жоқ. Елге басқаша көрінгенімен, өзімізге түк әсері жоқ. Біздің сыртқы болмысымыз, түр-әлпетіміз қартайғанымен, жүрегіміз қартаймайды", – деді композитор әйел. 


Алайда орта жаста тұрмыс құрып, дүбірлі той жасаған Ғалия Шаудырбаева мен оның жолдасын сынап, жағымсыз пікір жазғандар да жетерлік екен. 

"Кейде әлеуметтік желіде аузым бар екен деп неше түрлі фейк парақшалар ашып алып, салмағыңа, түріңе тиісіп отыратын адамдар болады. "Күйеуің сенен жас көрінеді ғой" деп айтып жататындар да болады. Елдің аузына қақпақ бола алмайсың. Кім не десе, о десін, мен бақытқа лайықпын", – дейді Ғалия Шаудырбаева.


Орта жаста махаббатын жолықтырған әйел соңғы кездері болмысындағы оң өзгерістерді анық байқағанын айтады. 

"Махаббат мені қалай өзгертті? Мен осы уақытқа дейін еркек сияқты жүріп, шалбар киіп алып жүретінмін. Менің бойымда ер-азаматтың қасиеті көбейіп кетіпті. Бірақ қалай Сермұханмен таныстым, сол менің бойымдағы ерге тән қасиеттер еріп, езіліп төмен түсіп кеткен сияқты. Тіпті дауысыма дейін өзгеріп кеткен болса, Сермұханға қосылғалы дауысым да жіңішкеріп, өзім майысып, қылықтарым шығыпты. Қайтадан бір қызға тән қылықтарым оралып, сондай бақытты күй кешудемін", – дейді 46 жаста тұрмысқа шыққан әйел. 


Елуге тақаған шағында арқа сүйер азаматын жолықтырған Ғалия Шаудырбаеваның қазір қуанышында шек жоқ. Ол өзі тағдырлас қыз-келіншектерге сырын айтып, мотивацияға толы ақыл-кеңесін де берді. 

"Бақытты болу ешқашан да кеш емес. Себебі адамның жартысы болуы керек. Ол махаббатты, ол сезімдң табу үшін 18 жасқа оралудың қажеті жоқ. Ол бақытты жүректен табуға болады. Жүрекке үңілсеңіз, жүрек көзімен көре білсеңіз сіз бақытыңызды табасыз. Сол себепті мені көріп отырған қыз-келіншектерге айтарым: "Бақытты айдаладан іздеудің қажеті жоқ. Бақыт бәлкім сіздің қасыңызда жүр, бәлкім ауылыңызда қалып қойды, бақыт бәлкім сізге қарама-қарсы келе жатыр" дегім келеді. Жамбыл бабамыз да 90 жасында төсектен басын көтеріп, ғашық болған ғой. Сол секілді махаббат деген бүкіл жасқа тәуелді дүние", – дейді сазгер.  


Айта кетейік, 46 жасында тұрмыс құрып, желідегі жұрттың назарына іліккен Ғалия Шаудырбаеваның бұл – екінші некесі. Осыдан 22 жыл бұрын алғашқы күйеуімен дәм-тұзы жараспаған әйел жүкті кезінде ажырасып кеткен. Бүгінде Ермахан есімді 23 жастағы ұлы Қызылорда өңірінде отан алдындағы борышын өтеп жүр екен. Сондай-ақ сазгер бұл сұхбатында бұрынғы жолдасымен әрі енесімен қазіргі қарым-қатынасы туралы да бүкіл шындықты ашық айтты.   
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan.Kz YouTube арнасынан көріңіз.  

 

Талқылау