"Қылмыстық іс Қазақстанда қозғалсын": Томирис Байсафаның адвокаты Ресей сотының үкімімен келіспейтінін айтты
Мәскеуде қаза тапқан Томирис Байсафаның адвокаты Бас прокуратураға істі қайта қарау туралы өтініш айтып, Ресей сотының үкімімен келіспейтінін жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.
Өйткені "қыз суицид жасады" деген Ресей сотының үкімімен келіспейді. Жақында апелляциялық шешім де шығуы тиіс. Бірақ адвокат Евгений Яворский оған сеніп отырған жоқ.
“Мен Бас прокуратурадан қылмыстық істі қайта қозғап, тергеуді обьективті жүргізуді сұраймын. Қазақстан өз азаматтарын қорғауы тиіс. Ал Ресейде Меджидовтың әулеті өте ықпалды. Олар судьяның әділетті шешім шығаруына кедергі келтірді. Тергеушілер де күдіктіні ақтап алуға барынша тырысқаны көрініп-ақ тұр. Томирис өзіне қол жұмсайтын қыз емес. Мәселен, оның терезеден секірген сәті жоқ. Ал оған дейін және кейінгі кезі бейнебақылауға жазылған. Түсініксіз тұстар өте көп”, – дейді адвокат Евгений Яворский.
Томирис Байсафаның өліміне қатысты қылмыстық іске үш ай бұрын нүкте қойылған болатын. Атышулы істе "Кісі өлтіру" бабымен айыпталған Дағыстанның экс-премьер-министрінің ұлы Муртузали Меджидов сотта ақталып шықты. Томирис терезеден құлаған күні бұл жігітпен аудитория ішінде қызыл кеңірдек боп ұрысқанын көрген студенттер бар. Және қазақ қызы мен дағыстандық бай баласы екі жыл жақын қарым-қатынаста болған. Бірақ судья қазақстандық студент терезеден өзі секірді деген шешім шығарды.
2018 жылдың сәуір айында Мәскеудегі Халықаралық қатынастар институтының төртінші қабатынан жерлесіміз Томирис Байсафа құлап кеткен болатын. Ауыр жарақат алған қыз сол күйі есін жимастан көз жұмды.