"Тыр жалаңаш тұрдым": Алматылық қыз танымал дүкендердің бірінде күзетшінің киіну бөлмесін сығалағанына ашуланды (видео)
Алматылық ару қаладағы сауда орталықтарының бірінде орналасқан H&M дүкенінің қызметкерлеріне қатты ашулы. Қыздың айтуынша, киіну бөлмесінде жағажай киімін киіп көріп жатқан кезде оған орта жастағы күзетші ер адам перденің артынан үңіліп қарап тұрған. Алайда мекеме менеджерлері қыздың шағымына мардымды жауап бермеген. Stan.kz тілшісі жағдайдың анық-қанығын білу үшін дүкеннің қаладағы бас ғимаратына хабарласып көрді.
Фото видеокадрдан скриншот жасалған
“Дәл қазір қалай ашулы екенімді жеткізе алмаймын. H&M дүкенінен жаңа ғана шықтым. Купальник киіп көрген едім. Сіздер түсініп тұрғандай, киіну бөлмесінде киім-кешексіз, тыр жалаңаш тұрмын. Сол сәтте маған қарап тұрған күзетшінің көзін шалып қалдым. Не сұмдық? Дереу киіну бөлмесінің пердесін жауып, киініп, менеджер қыздарға қарай бардым. Олардан "неге күзетші маған бұлай үңіліп қарайды?" деп сұрадым. Алайда қыздар олардың сатып алушыларды өздерімен бірге заттарды алып кетпеу үшін қарайтынын және компания саясатына бақылау кіретінін атап өтті. Сол мезетте "қайда тап болдым?" деген ой келді. Мына киімдерді өзімен бірге алып кетеді деген маңдайыма жазылып тұр ма? Маған мұның бәрі керегі де жоқ... Күзетші несіне бұлай қарап тұр?” – деп ашуланды қыз.
Қыздың айтуынша, ең сорақысы, бұл компания саясатының бір бөлігі екен.
"Бұл не бассыздық? Менің H&M компаниясына қояр сұрағым өте көп. Тек "кешіріңіз" деген нәрседен басқа айтпады, аяқ-қолым дірілдеп, ашуым келіп тұр", – деп түсіндірді алматылық ару.
Ал бас офис менеджері қыздың жағдайды түсінбей қалғанын және менеджерлердің ақпаратты дұрыс жеткізбегенін айтты.
"Қараңызшы, шын мәнінде, жағдай былай болды. Күзетші қызға мүлдем қарамаған. Компания саясаты мәселесіне келсек, қызметкерлер ақпаратты дұрыс баяндамаған. Өйткені сол оқиғаны зерттеу үшін барлық бейнекамераға қарап шықтық. Камерадан байқауымызша, ол кабинаға жақын жерде 30 секундтан аз уақыт болған. Мұндай уақытта ол ешкімге қарап та үлгермейді. Қыз неліктен бұлай ақпарат таратқанын түсінбедім", – деп жауап берді H&M бас ғимаратының қызметкері.
Еске салайық, бұған дейін Қызылордада "Қорқыт" сауда үйіндегі аяқкиім дүкенінің иесі кез келген кроссовканы мың теңгеге сатып алуға болатын жеңілдік жариялаған. Нәтижесінде сауда орнына жиналған халық терезелерді сындырып, аяқкиімге таласып, соңы үлкен мәселеге айналғанын жаздық. Жеңілдік үшін келгендердің қатарында қарттар, ересектер, жасөспірімдер мен балалар да бар. Дүкен иесі Instagram парақшасына оқырман тарту мақсатында жеңілдік жариялаған. Алайда ол соңында мұндай жағдайға тап болатынын ойламаған. Осылайша ол акцияны шұғыл тоқтатуға мәжбүр болған.
@s.s.ken ♬ оригинальный звук - My name is S💘