Кездесу құны 500 мың теңгеден басталады: Алматыда "элиталы эскортшылар" желісінің ұйымдастырушысы ұсталды (видео)
Алматыда полицейлер қалталы азаматтарға эскорт қызметін ұсынып, “жеке” секс-кештер ұйымдастырды деген күдікпен 25 жастағы бойжеткенді ұстады. Ол ақшаға сексуалдық қызмет көрсетуге дайын келбетті қыздарды іздеп, бай клиенттерді тартумен айналысқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Күдікті қыздарға “демеушілерді” табуға, әлемді аралауға және өмірін жеңілдетуге уәде берген. Ал топқа кіру үшін 300 доллар төлеуі керек болған. Көрсетілген жеңгетайлық қызметі үшін күдікті клиенттен түскен ақшаның 40%-ын өзіне алып отырған. Ақшаның қалған бөлігі қызмет көрсеткен қыз алған.
“Кездесудің” құны 1 сағат үшін 500 мың теңгеден бастап, әртүрлі бағамен өлшенген. Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп, деректерді талдау нәтижесінде күдіктінің 2022 жылғы қаражат айналымы 209 миллион теңгеден асқанын анықтады.
“Секс-бизнесті ұйымдастырушы өз қызметін жасыруға тырысып, Instagram желісінде 100 мыңнан астам оқырманы бар табысты модель әрі блогер ретінде көрсеткен. Ресми түрде еш жерде жұмыс істемеген. Тінту барысында күдіктіден “кәсібі” туралы жазбалары бар күнделік, жаңа және сатып алынатын жылжымайтын мүлікке құжаттар, ақ түсті ұнтақ заттың қалдықтары бар қалта айнасы, есірткі заттарын тұтыну үшін оралған ақша, Lexus ES 250 және Toyota Camry 70 маркалы автомашиналар, сондай-ақ салмағы 1,72 грамм “мефедрон” табылып, тәркіленді”, – делінген хабарламада.
Прокуратура келісімі бойынша Қылмыстық кодекстің 309-бабы “Жезөкшелікпен айналысуға притондар ұйымдастыру және жеңгетайлық” және 297-бабы “Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау” бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды.