Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кейбір кәсіпкерлер тауарлардың бағасын қымбаттатып жіберді - Сауда және интеграция министрі

ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстан Қытайдан әкелінетін және Қытайға жеткізілетін тауар қозғалысын тоқтатқан жоқ екендігін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарата агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

азық түлік

Бұл туралы министр бүгін Үкімет отырысында мәлімдеді.

«Тұтынушыларымызға өтінішім бар. Қазіргі уақытта бірқатар тауар сатушылары Қытаймен шекара жабылғанына сілтеп, азық-түліктің бағасын көтере бастады. Осыған орай Қазақстан Қытайдан әкелінетін және Қытайға жеткізілетін тауар қозғалысын тоқтатпағанын хабарлаймын. Бұл - тек бизнестің жосықсыз әрекеті. Осы себепті бағаны көтеруге қолданады», - деді Сұлтанов.

Сонымен қатар сауда министрі баға мониторингі және электрондық сауданы дамытуға халықты тарту қажеттігін айтып кетті. 

«Баға мониторингі және электрондық сауданы дамытуға халықты тарту қажет. 2019 жылдың желтоқсанында Қарағанды қаласында бағаға мониторинг жасайтын PRICE SCANNER мобильді қосымшасы іске қосылды. Бағалар туралы барлық деректер азаматтардан алынған ақпаратқа негізделген», - деді ол.

Министрдің сөзінше, қазіргі таңда электрондық сауда алаңдарын іске қосу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып кетті. 

«Мәселен, бүгінгі күнде Оңай Базар және Happy food Astana сияқты желілер ашылды. Олар өнімді өндірушіден тұтынушыға дейін жеткізу тізбегін оңтайландыруға және халық үшін тауарлардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мысалы, дүкендерде картоптың бөлшек бағасы 100-ден 150 теңгеге дейін болса, электронды алаңдардың бағасы шамамен 75 теңгені құрайды»,- деді Бақыт Сұлтанов.

Министр тұтынушылардан осындай жағдайға, сондай-ақ базарларда немесе сауда нысандарында баға сөз байласуына куә болса 8 (7172) 75-16-32, 8 (7172) 749832 телефон нөмірлеріне хабарласуды өтінді.

 

 

Талқылау