"Кей топтар үшін референдумның сәтсіздікке ұшырағаны қажет": Ермұхамет Ертісбаев алда болатын референдумға қатысты ойын айтты
Қазақстан халық партиясының жетекшісі Ермұхамет Ертісбаев Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында референдум туралы айтты. Саясаткердің айтуынша, алдағы референдум елге көп пайдасын тигізеді. Сонымен қатар сұхбат барысында Ертісбаев Назарбаев туралы және қаңтар оқиғасы жайлы да айтып өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ермұхамет Ертісбаев қазақ халық революциясы 4 қаңтарда басталғанын мәлімдеді. Алайда келесі күні-ақ революция бөлініп кеткен дейді.
"5 қаңтар контрреволюция басталды. Кісі өлтіргіштер, ұрылар көшеге шығып, халықтың ереуілін аяқ асты етті. Бұл революция бөлініп қалды. Сондықтан Тоқаевқа жаңа саяси құрылымды құру үшін, саяси күштен айырылса да, экономикалық күшінен айырылмаған топтармен байланыс орнату үшін халықтың қолдауы қажет болды. Байланыс 146 миллиард теңгені елге қайтару аясында құрылуы керек", – деді Ертісбаев сөз басында.
Ермұхамет Ертісбаев 2022 жылдың 2 ақпанында президенттің елден шығарылған ақшаны қайтару бойынша жұмыс істеуге екі ай мерзім бергенін де қосып өтті. Сондай-ақ саясаткер алдағы референдумға халықтың қызығушылық танытып отырғанын мәлімдеді.
"Меніңше, референдумға халықтың 65-70%-ы қатысады. Дегенмен әлеуметтік желіде ақпараттық соғыс жүріп жатыр. Қазір саяси топтардың ақшасы өздерінде, сондықтан олар референдумның сәтсіз өткені қажет", – деп қосты ол.
Ертісбаев Елбасы мәртебесі мен оның отбасына қатысты өзгерістер халықты қызықтырып отырғанын айтады. Референдумнан кейін "ойынның жаңа ережелері" енгізіледі дейді ол.
"5 маусымда не өзгереді деген сауалға Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жауап берді. Данияр Әшімбаевқа берген сұхбатында бұрынғы президентіміз реформа мен референдумды қолдайтынын айтты. Ал туыстары заң бұзса, тиісті жазасын алады деді. Оған қазір отбасы немесе өзге де дүниелер маңызды емес. Назарбаевты тарихқа қандай атпен енетіні мазалайды. 12 жыл кеңесшісі болған адам ретінде мұны сенімділікпен айта аламын", – дейді Ермұхамет Ертісбаев.
Саясаткердің айтуынша, елде "Жаңа Қазақстанды" құру үшін жаңа Конституция керек. Себебі қазіргі заң 1995 жылдан бері бірнеше рет өзгертілген.
"Референдумнан кейін көп дүние өзгереді. Соның ішінде 1990-жылдары болған жекешелендіруді қайта қарау керек. Мысалы, "Қазақмыс" кәсіпорыны қалай жекенің қолына өткенін барлығы біледі. Жалпы халыққа тиесілі мүлікті мемлекетке беру керек. Сондай-ақ заңсыз иеленген мүлікті тәркілеп, келіссөз жұмыстарын жүргізген абзал. Өйткені Ұлттық қорда 98 миллиард доллар бар. Егер сыртқа шығарылған 146 миллиард доллар қайтарылса, Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады", – деп атап өтті ол.
Ермұхамет Ертісбаев елде жаңа Парламентті құру үшін партиялар санын көбейту керек дейді. Тек осы жағдайда ғана халық Парламентті мойындайды.
"Қазір Болат Әбілов, Санжар Боқаевтар партия құруға әрекет етіп жатыр. Оларды тіркеу керек. Мұны бұрыннан айтып келе жатырмын. Жанболат Мамай да бірнеше айдан бері қамауда отыр. Иә, қиын болады. Парламентте дау көбейеді. Тіпті төбелес те болуы мүмкін", – деді ол.