Кеше ғана хабарласып "мен үшін дұғада болшы" деді: Қазақстандық журналист марқұм Ая Мантай туралы жазды
Қазақстандық журналист Серікбол Хасан марқұм болған жас жазушы Ая Мантай туралы жазба жариялады. Журналист марқұммен күні кеше ғана телефон арқылы тілдескенін айтты.
Журналистің айтуынша, марқұм өзіне хабарласып қиналып жүргенін айтқан.
“Аягүл Мантай қайтыс болды дегенге көңіл сенер емес. "Жас қазақта" бірге қызмет еттік. Мәдениет, әдебиет, өнер тақырыптарын мөлдіретіп жазатын еді. Мәскеуде оқып жүрген кезінде Аягүл "Айқынның" арнайы бетін дайындап, тұлғалар өмірінен тамаша мақалалар жазып тұрды. Жазушылығы да бір төбе болатын. Өмірде де сырлас, сыйлас дос болдық.
Кеше ғана хабарласып "Дұғада болшы, қиналып жүрмін", – деп еді. Мен Аяға жақында көрген түсімді айтып, қуантып едім.
Түсімде Аягүл қол жетпейтін өте биікте тұр екен. Мен оны шығармашылығында өсу, өмірінде жақсы өзгеріс болады деп жорыған едім. Амал не, аспанға биіктеп кеткен екен ғой...
Алла Тағала ақыреттік жайыңды жәннаттан етсін! Бақұл бол, жақсы жазушы!”, –деп жазды Серікбол Хасан желідегі парақшасында.
Бұған дейін заңгер Айгүл Орынбек Ая Мантайдың жақын күндері өзін іздегенін айтып жазба жариялаған еді.
Айта кетейік, қазақстандық жас жазушы Аягүл Мантай өмірден өтті. Қаралы хабарды марқұмның әріптесі, ақын Сүндет Сейітов растады.