"Ұлттың жаманы болмайды": Қызын шетелдік азаматқа ұзатқан Жәкішев күйеу баласына қатысты сынға жауап берді

Мұхтар Жәкішев қызы Алтынайды ұзатқаннан соң шетелдік күйеу баласына қатысты желіде айтылған пікірлерге жауап берді. Айтуынша, күйеу баласы – нағыз сенімді азамат. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жәкішевтің сөзінше, қызы алты жылдан бері кездесіп жүрген Карл есімді азаматқа тұрмысқа шыққан.
“5 маусым күні қызым Алтынайдың ұзату тойы өтті. Бұл – әрбір әке үшін ерекше әрі толқынысқа толы күн. Мен Алтынай үшін шексіз бақыттымын. Оның таңдауы кездейсоқ емес. Карл екеуі алты жылдан бері бірге, екі жыл бұрын ол арнайы келіп, менен батасын алған еді. Карлдың адамгершілігіне, еңбекқорлығы мен жауапкершілігіне сенемін. Ең бастысы – қызымды шын жүректен сүйеді. Бұл тойдың мен үшін маңызы ерекше. Үлкен қызым тұрмысқа шыққанда түрмеде болдым. Оған тек хат арқылы ақ тілегімді жолдай алдым. Ал бұл жолы қызымды өз қолыммен ұзатып, жүрекжарды сөзімді айту бақыты бұйырды. Мені тұтқындағанда Алтынай небәрі 9 жаста еді. Ол менсіз есейді, қиындықтарды бастан өткерді. Соған қарамастан білім алып, кәсіби журналист әрі табысты модель ретінде қалыптасты. Қызымның жетістіктерін мақтан тұтамын”, – деп жазды ол.
Сондай-ақ экс-басшы күйеу баласының ұлтына қатысты айтылған сын-пікірлерге де жауап берді. Оның айтуынша, өзі үшін ең бастысы қызының бақыты.
"Менің ісімді қолдан жасап, ар-ұятын мансапқа айырбастаған тергеушілердің, прокурорлар мен судьялардың арасында шетелдіктер болған жоқ. Құдайға шүкір, тағдыр мені сондай құдалардан сақтады.
ОқыңызҰлтқа қарап емес, адамға қарап бағалау керек. Ұлттың жаманы болмайды, жаман адамдар болады. Карлдың отбасы маған жақсы әсер қалдырды. Олардың қызыма деген құрметі мен қамқорлығына ризамын. Мен үшін ең маңыздысы қызымның бақытты болуы. Балаларымның таңдауын әрдайым құрметтеймін және қолдаймын. Өмірлерің ұзақ, адал әрі бақытты болсын! Қандай жағдай болса да, әкелерің әрқашан сендермен бірге", – деді Жәкішев.
Еске салсақ, Мұхтар Жәкішевтің қызы шетелдік азаматқа Лондонда тұрмысқа шыққан еді. Күйеу жігіт Карл Оби Манчестер университетін тәмамдаған және инвестициялық менеджер болып жұмыс істейді.
Қазақстандық түрмелерде енді сотталғандар отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады