"Әр бала өзін сценарист, оператор, актер және режиссер ретінде сезініп көрді”: Ауыл балалары танымал әншінің бейнебаянын түсірді
Бүгінде ауылдарда тұратын балалардың көбі оқумен қатар, мал бағу немесе жер жыртумен айналысып, ата-аналарына қолғабыс ететіні жасырын емес. Соның салдарынан олардың шығармашылықпен айналысуға уақыты жетпеуі мүмкін. Дегенмен жаңа заман – мүмкіндіктер уақыты, ал жетістікке жету үшін мегаполисте тұру шарт емес. Осындай бастамамен танымал қазақстандық режиссер Қуаныш Бейсеков пен Jusan Bank ауыл балаларына таптырмас мүмкіндік сыйлады. Алматы облысының Кеген ауданының жас тұрғындары “Кел, балалар, оқылық" шығармашылық дағдыларды арттыру жобасына қатысып, жаңа білім нәрімен сусындады.
“Кел, балалар, оқылық" жобасы аясында режиссер бастаған топ Алматы облысындағы Кеген ауданына барып, балаларға режиссерлік, актерлік бойынша шеберлік сағатын өткізіп, жаңа бағытты үйретті. Ең маңыздысы, шеберлік сағатының қорытындысы ретінде балалар үйренгендерін тәжірибеде қолданды. Жас таланттар танымал әнші Еңлік Құрарбектің су жаңа “Бір кем дүние” атты әніне бейнебаянды өздері түсіріп шықты деуге болады. Әр бала өзін сценарист, оператор, актер және режиссер ретінде сезінуге мүмкіндік алды.
Жоба тәлімгері ретінде қызмет еткен талантты режиссер Қуаныш Бейсеков балаларды әртүрлі дағдыларға үйрету тәжірибесі бүкіл әлемде бар екенін тілге тиек етті. Алайда режиссура, операторлық жұмыс және актерлік шеберлік бойынша мұндай жобалар жоқтың қасы дейді ол.
“Жобаның өзгеше тұсы – теориялық білімді тәжірибе жүзінде бекіту. Осылай білім жақсы сіңеді”, – дейді режиссер.
“Кел, балалар, оқылық" жобасы аясында балалардың қатысуымен деректі фильм де түсірілген. Онда сегіз күннің ішінде балалардың уақыты қаншалықты тиімді өткені көрсетіледі.
Бейсеков өз сөзінде жобаға бастама жасауға өз басынан өткен оқиғасы әсер еткенін айтып өтті.
“2014 жылы бүкіл ТМД-ға танымал жарнамалық роликтер мен бейнебаяндар режиссері Игорь Шмелев елордаға шеберлік сағатын өткізуге келген. Ресейлік маманның шеберлік сағаты 60 мың теңге болды, ол уақытта бұл – қомақты қаражат. Шеберлік сағатына қатысу үшін бір ай ақша жинадым.
Сол кезде оның жұмысы маған қатты әсер етті, өзім үшін жаңа дүниелер аштым, режиссерлікпен таныстым, бұл мамандыққа ғашық болып қалдым десем, артық айтпаймын. Шындығында менің еңбек жолым осылай басталды. Оған дейін менің жай ғана фотоаппаратпен суретке түсіруге қызығушылығым бар-тын, одан бөлек, шағын тапсырыстар алып жүретінмін. Оның жұмыстарынан шабыттанып, режиссер боламын деп шештім. Осы оқиғадан соң да менікіне ұқсас бір-екі әңгімені естіп, мұны кездейсоқтық емес, заңдылық деп түсіндім. Осылайша, гипотезаны іске асыру әрі қолданудың сәті түскеніне нақты сенімді болдым”, – деп бөлісті режиссер.
Сөзінше, өмірлік бағытын таңдауына әсер еткен бұл білімді қазақстандық балалар да алса деген ойды арқалап, “Кел, балалар, оқылық” жобасын қолдайтын компанияны біршама уақыт іздестірген. Бұл ретте Jusan Bank әлеуметтік бастаманы қолдайтынын мәлімдеген.
“Бұл идея келген соң оны жүзеге асыруға қаражат қажет болды. Әртүрлі кісілерге ұсынып та көрдім. Jusan Bank осы жобаны қолдады. Сондықтан соның аясында қызу жұмыстар жүргізіп жатырмыз”, – деп қосты Бейсеков.
Жобаны қолдаған Jusan Bank өкілдері компанияның негізгі миссиясы қоғамға пайдалы болу екенін баса айтады.
“Бізде “Persona J” деген бағдарлама бар. Біз тек қана амбассадор қоюмен шектелгіміз келген жоқ. Jusan-ның жаңа достары мен брендтері пайда болғанын қаладық, бізбен бірге құндылықтарымызды, миссиямызды таратқанын мақсат тұттық. Сондықтан бұл бағдарлама бойынша Қазақстанды өзгертіп, халық үшін жаңа нәрсе әкеліп жатқан тұлғаларды іздейміз. Сондай-ақ, маңызды әрі елімізге әсер ететін елеулі әрі өзекті болатын жоба жасаймыз.
Шілде айының тұлғасы Қуаныш болса, тамыздың тұлғасы – әнші Еңлік. Бізде аралас туынды екі үлкен бағдарлама ретінде шығып отыр”, – дейді Jusan Bank маркетинг пен PR бойынша басқарушы директор Олегжан Бекетаев.
Қуаныш Бейсековтың сөзінше, режиссерлік сала балалардың қабылдауына жеңіл болу үшін бағдарлама сәйкесінше аудиторияға бейімделіп жасалған.
“Бірінші күні шеберлік сағатына үлкен дайындықпен келдім. “Катарсис”, “синопсис” деген сияқты ұғымдарды, режиссердің міндеттерін түсіндіремін деп ойлағанмын. Бірақ балаларды көріп, олар үшін менің дайындағаным тым терең, фундаменталды ақпарат екенін түсініп, бір сәтте презентациямды өзгертіп шықтым. Оларға түрлі бейнебаяндар көрсетіп, талдаудан бастадым”, – дейді режиссер.
Ол балаларға ақпараттан гөрі шабыт беру маңыздырақ екенін айтады.
“Актерлік шеберлікке үйрететін оқытушыларға да барлығын жеңіл түсіндіруге кеңес бердім. Содан соң деректі фильмде балалардан сұхбат алдық. Олардың көбі режиссер, актер боламын деп шешім қабылдаған. Түсінгенімше, балаларда өздеріне үлгі тұтатын адам болу керек. Олар менің өмір сүру стиліме қызығады. Ал бейнебаянды түсіруге барлық балалар қатысты, сахналарын толығымен өздері ойластырды. Біреу өзін сценарист, енді біреу оператор, актер немесе режиссер ретінде сынап көрді”, – дейді Бейсеков.
Жобаның түпкі миссияларының бірі – көзінде оты бар жастарды дайындау, ауыл балаларына жаңа бағыттар мен мүмкіндіктердің шексіздігін ұғындыру.
“Балалардың жоқ дегенде бірінің көзінде оты жанды деп үміттенемін. Олар Жалаңаш, Кіші Жалаңаш, Тоғызбұлақ сынды үш ауылдан жиналған. Олардың көбі бір-бірін жақсы танымайды. Сондықтан бір жағынан бұл олар үшін танысу мен араласудың жақсы мүмкіндігі болды.
Бүгінгі жобамыздың нәтижесі 10-20 жылдан кейін, тұтас бір буын ауысқанда көрінеді. Оған дейін өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында еңбек етіп, үлгі-өнеге көрсек, ел жақсы жаққа өзгерсе, нәтижесі де сол кезде белгілі болады”, –дейді режиссер.
Сөзінше, ауыл балалары жоғары потенциалды, әсіресе шығармашылық салаларда ынтасы басым.
“Жалпы алғанда, қала мен ауыл баласының айырмасы жоқ, барлық бала бірдей. Бірақ ауыл балаларының мүмкіндіктері аз екенін бәрі түсінеді. Олардың құлшынысының басым болуын қоршаған табиғатқа жақындығымен байланыстыруға болатын шығар. Табиғат не дегенмен адамдарды ойландырып, толғандырады. Біз бәріміз “бетондалған джунглиде” өмір сүруге үйреніп қалғанбыз, бірақ ауылда барлығы адам қолымен жасалған. Ал адам қолымен жасалған нәрсе әрқашан мінсіз бола бермейді”, – дейді Қуаныш Бейсеков.
Шығармашылық қабілеттерін дамытқан балалар сегіз күндік шеберлік сағатының қорытындылаған күні өздері түсіруге атсалысқан деректі фильм мен бейнебаянды бір емес, бірнеше рет тамашалап, өсіп келе жатқан өнерлеріне тәнті болған. Ендігі жас таланттардың арманы – айқын. Бірі сахнаны бағындырар актер, енді бірі елге еңбегі сіңген режиссер боламын деп нақты мақсат қойған.