Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазіргі сағат денсаулыққа зиян": Ғалымдар бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің пайдасын айтты

Ғалымдар қазақстандықтарға біртұтас уақыт белдеуін белгілеуді ұсынды. Қазақстандағы уақытты есептеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының қорытынды отырысы осы мәселе көтерілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мәжіліс депутаты Әбіл Еркін батыстықтардың уақыт белдеуінің тиімділігі туралы айтты.

"Астана, Алматы, Шымкент және Қостанай тұрғындары үшін уақытты бір сағатқа артқа жылжытамыз, нәтижесінде бір сағат ерте оянамыз. Батыс аймақтарға тиіспейміз", – деді депутат.

Қазіргі уақытта Қазақстанда екі уақыт белдеуі бар: - UTC+5 және UTC+6. Батыс аймақтан басқа ел аумағының басым бөлігі UTC+6 уақыт белдеуімен өмір сүреді.

Ғалымдардың айтуынша, қазіргі UTC+6 уақыт белдеуі бізге сәйкес келмейді, бұл биологиялық ырғақ пен адам денсаулығына кері әсер етеді.

Астана медицина университетінің қалыпты физиология кафедрасының меңгерушісі Күрейш Хамшиевтің айтуынша,табиғи уақыт ырғағын озу шаршаңқы сезімнің және түрлі аурулардың пайда болуына ықпал етеді.

"Қазір көптеген аймақтарда болып жатқан десинхроноз, яғни биологиялық ырғақтардың сәйкес келмеуі ұзақ уақыт бойы шаршау, депрессия, ұйқысыздықтың және өнімділіктің төмендеуінің себеші болып отыр. Мұның бәрі жүрек-қан тамырлары, қатерлі ісік және басқа да аурулардың дамуына әкеледі. Циркадиандық немесе биологиялық ырғақтар – біздің өміріміздің ажырамас бөлігі және бұл тәуліктік стресстерге қарсы тұру өте қиын. Сондықтан бүкіл республика тұрғындарының табиғи ырғақтарын үндестіру қажет", – деді ол.

Бірыңғай уақыт белдеуін енгізу денсаулыққа оң әсер етумен қатар, еліміздің әр өңірінің тұрғындары арасындағы уақыт айырмашылығын жойып, ыңғайлы етеді дейді маман.

Бұл көлік және басқа да коммуникацияларды үйлестіруді жақсартуға, бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен төтенше жағдайлар қызметтерінің өзара іс-қимылын күшейтуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін Астана уақытын бір сағат артқа жылжыту мәселесі көтерілген еді.

Талқылау