"Қазасына берілген өтемақыны ұрлады": Ақтауда ұшақта мерт болған бортсеріктің ата-анасын алаяқтар алдап соққан
Ақтауда апатқа ұшыраған AZAL ұшағында қаза тапқан экипаж мүшесі Хёкума Алиеваның отбасы алаяқтықтарға алданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Oxu.az сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Oxu.az
Полиция Хёкуманың әкесі Жалил Әлиевтің өтініші негізінде киберқылмыспен күрес бас басқармасында қылмыстық іс қозғады.
"Қазір тергеу жүріп жатыр. Нәтижелері туралы қосымша ақпарат берілетін болады", - деп хабарлады ведомстводан.
Марқұмның әкесі ақшаны ұрлаған жігіт өзін жергілікті банк қызметкерімін деп таныстырғанын айтты. Кибералаяқтар код жіберіп, картадан 80 мың манаттан астам (25 миллион теңгеден астам) ақшаны аударып алған.
Жалил Әлиев картадан ұрланған қаражат сақтандыру төлемінен және Хёкума Алиеваның мерт болуына байланысты берілген өтемақы қаржысы екенін айтты.
Әзірбайжан полициясы қылмысқа күдікті жігітті ұстады. Бұл 29 жастағы Аяз Ескендіров екен. Ұрланған ақша марқұмның әкесіне толық қайтарылды.
Сонымен қатар тергеу күдікті мен іздеуде жүрген шетелдік азаматтардың арасында байланыс барын анықтап, оларға іздеу жариялады.
Еске салсақ, 25 желтоқсанда Әзірбайжан әуе жолдары компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Бортта 67 адам, 62 жолаушы мен 5 эпипаж мүшесі болған.
Ақтаудағы ұшақ апатында қаза тапқан бортсеріктің әкесі қызы туралы естелігін бөлісіп, оның қызметтен ауысуды жоспарлап жүргенін айтты.