Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тәңіршілдікті исламға қарсы қоюдың қажеті жоқ": Отандық тарихшылар ата-бабамыздың төл дінін атады

Желіде қазақ ата-бабасының негізгі төл діні қандай деген сұраққа қатысты қызу пікірталастар жиі туады. Бірі қазақ ежелден көкті тәңір тұтқан десе, енді бірі исламды негізгі және жалғыз сенім деп кәміл сенеді. Stan.kz тілшісі қазақстандық тарихшы-этнологтардан қазақтың төл діні жайлы пікірлерін білді.

Тәңіршілдікті исламға қарсы қойдың қажеті жоқ

Этнограф ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Тоқтабай тәңіршілдікті исламға қарсы қойдың қажеті жоқ екенін айтады.

Тәңіршілдік VII-VIII ғасырларда басқа діндерге қарағанда әлсіз болды. Сондықтан бабаларымыз исламға бет бұрды. Төл дініміз деп айтуға болады, бірақ бұрынғыдай қайта қалпына келтіру мүмкін емес, дейді ол.

"Қазақтың исламға дейінгі ежелгі діні тәңіршілдік, содан кейін көк аспан, айға, Күнге табыну болып келді. Онда шаманизмнің де элементтері болды. Біздің дәуірімізге дейінгі VII ғасырда араб шапқыншылығына дейінгі біздің дәстүрлі дініміз - тәңіршілдік. Тәңіршілдіктің астарында табиғатқа табыну тұр: жерге, суға, жануарларды аялау. Сол заманда біздің ата-бабаларымыз экологияны қатты құрметтеген. Артық аң атпаған, артық шөп жұлып, ағаш кеспеген. Ол ол ма, суға дәрет сындырған адамды өлім жазасына кескен. Табиғатты көздің қарашығындай сақтаған, оған "Жер Ана", "Табиғат Ана" деп қамқорлықпен қараған", - дейді тарихшы. 

Айтуынша, қазақи исламды басқа исламмен шатастыруға болмайды.

"Ал енді VII ғасырда араб жаулашыларымен бірге бізге ислам діні де келді. Ислам діні VII ғасырдан XIV ғасырға дейін Өзбек хан түркі халықтарының ресми діні деп жариялағанға дейін, біздің қанымызға сіңді. 

 5 мың жыл ғана болған тәңіршілдіктің пен ислам дінінің канондары қабысып кеткен, бірін-бірі жоққа шығармай, бір дін болған. Сондықтан таза ислам бізге келмейді. Бұрынғы тәңіршілдік, шаманизм, бақсылық элементтерімен ислам гармониялы жарасып, қазақи исламға айналған. 

Орта Азия хандары қазақтар мұсылман емес деп, 16-17 ғасырларда қазақ даласына шабуыл жасап, басып алу үшін осындай желеумен саясат жүргізген. Мұны Шоқан Уәлиханов та, басқа орыс ғалымдары жазған. Біз ата дінімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек", - дейді Ахмет Уәлханұлы.

Тарихшы таза ислам қазаққа керек емес екенін айтады.

"3000 жылдан бері келе жатқан дәстүріміз бойынша, адамды үш күнге дейін өлігін сақтап, туыс-туғандар келіп, қоштасу керек деп санайды. Жетісі, қырқы, жылы дегендер БҚО-да бар, Сарыарқа облысында жүзін береді. Кейбір кездерде бес-он жыл өтіп кеткен соң жылын беріп жатады. Бұл біздің ата-дәстүріміз. Жерлеу рәсімі Қола дәуіренен бері келе жатыр, 2000 жылдық тарихы бар. Тәңірлік, шаманизм, ислам бірімен-бірі қабысып кеткен, бір-бірін жоққа шығармайды. Сондықтан таза ислам бізге керек емес. 

Ахмет Яассауи тарих аренасына XII ғасырда неге шықты? Сұлтандар, байлар мастанып, халық азғындай бастады. Осы дүниенің барлығын тәркі етіп, жер астына 63 (Пайғамдар жасы) жасында түсіп кеткен. Қожа Ахмет Яссауи адамның басты байлығы рухани байлықты уағыздады. Осының арқасында біз ол негіздеген сопылық ілімімен жүреміз. Кезінде ата-бабаларымыз Меккеге бармай, осы Яссауи кесенесіне екі рет тәубе еткенде қажы атанған екен. Бабаларымыздың мыңдаған жылдар бойы Яссауидан бастап, Өзбек ханнан қосталған сара жолы бар", - дейді ол. 

Тарихшы қазір исламның түрлі ағымдары пайда болғанын және ел ішінде дұрыс емес бағыттарды дамытып жүргенін, таза исламшылдарға мемлекет арқылы тосқауыл қойылу керек екенін айтады. 

Қазақ ислам алдында қарыздар

"Біз ат мәдениетін қалыптастырған халықпыз. Басқа халықтар табанының астына қараған, неден қорықса: бақа, шаян, жыланды соны құдай жасаған, табынған. Ал қазақ атқа мінген, ойы аспанда, жұлдыздарда, көкте болды. Жүздеген шақырымды атпен бағындырды. Тәңіршілдік сол кезде пайда болды. 7 мың жыл бұрын атқа мінген халықпыз. Біздің атқа міну мәдениетімізден айға, жұлдызға табыну туады", - дейді этнограф. 

Ахмет Тоқтабай ислам келіп, X-XII ғасырда ислам цивилизациясы орнады, мектептер, медреселер ашылды, қала дамығанын айтады. Осылайша, қазақ исламға қарыздар, дейді ғалым.

"Ислам дінінің арқасында біз ел, халық болып қалдық. Біздің бауырларымыз Алтай халықтары ислам оларға жетпей, араққа салынып кетті. Ислам мен тәңіршілдікті бір-біріне қарсы қоя алмаймыз. Ислам келмегенде біз шетімізден ішкіш, әйелдеріміз жөзекше болар еді. Рухани жағынан біз қатты азғындар едік. Ислам - біздің мәдениетіміз, қорғанышымыз, басты іліміміз", - дейді ол. 

Қазақтың төл діні - ата-бабаларының дәстүрлі діні

Этнограф, өлкетанушы Төрехан Майбас ислам келгенде қазақтар дінді тәңіршілдік арқылы қабылдады дейді.

"Негізі біздің бабаларымыздың ұстанған діні - тәңіршілдік. Қазір ел арасында қазақтар шаман дінін ұстанған дейтіндер де бар. Оны Шоқан Уәлиханов та атап өткен. Мұның себебі бізде бақсылардың болуында, олардың діні шынымен де шаман еді. Бірақ қазақтың негізгі ұстанғаны тәңір діні. Ислам келгенде қазақтар дінді тәңіршілдік арқылы қабылдады", - дейді өлке тарихын зерттеуші.

Дегенмен, мұсылман мен тәңір дінінің қиыспайтын жерлері көп, дейді ол.

"Исламда бес емес, жеті парыз бар: оған кек алу және жиһат қосылады. Бізде қазақтарда нәпсіңді тый дегенді жиһат деп жүр.

Қазақтың дәстүрлі діні тәңіршілдік пен мұсылманшылықтың қосындысы. Қазіргі ислам дінінің көбі тәңіршілдіктен келген элементтер. 

Дәл қазіргі уақытқа бізге тәңіршілдік жарамайды. Ислам діні де жарамай тұр. Бізге жарайтыны тек ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі діні. Бізді құтқаратын ата-бабаларымыздың діні", - дейді Майбас Әкімжанұлы.

Айтуынша, ислам діні ұлтты жойып жібереді.

"Қазақтың дәстүрлі дінінде қазақтың қызын қазақ қана алу керек дейді, сонда ұлт сақталады. Ал исламда, мұсылман болса жетеді, қызыңды бер, ұлыңды үйлендір дейді. 

Ата-бабаларымыз ұрпағымызды қайтіп жеткізсек деді. Мұсылманшылықпен де, тәңіршілдікпен, шаманизммен де жеткізе алмайтынын түсінді. Сондықтан қазақ ислам дінінен, шаман дінінен өзіне керегін алды. Тәңір дінін негізге ала отырып қазақтың дәстүрлі дініне қалыптастырды. Бізде жерлеу, қырқынан шығару, ас беру бар, өлген адамды ұмытпайды, Құран бағыштап отырады. 

Бұл дінді жаңғыртуымыз үшін әке-шеше, бабаларымызды ұмытпауымыз керек. Оларға өлген соң да құрмет жасауымыз керек. Бізде әруақтың ризашылығына мән береді. Ал исламда бүгін өлдің ба, ертең жоқсың", - дейді Майбас Әкімжанұлы.

Тәңіршілдікті қайта жандандыру мүмкін емес

Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Рауан Байдалы бұл мәселеге қатысты пікірін былай білдірді:

"Ислам жаңа дін боп есептеледі, оған көнеден тәңіршілдіктің жақсы элементтері қосылды. Әруаққа сиыну, табуыну деген бар, құрбандық шалады, отқа май құю біздің тұрмыс салтымызда кездеседі. Әруақ қолдай көр деп сиыну - осының бәрі тәңіршілдік. Ислам дінін арықарай дамыту үшін Қожа Ахмет Яссауи көп еңбек сіңірді, "Даналық Кітабы" арқылы исламды өлеңмен насихаттады. 

Шоқан Уәлихановтың өзінің көзқарасын, Ыбырай Алтынсарин де "Қазан" баспасынан шыққан "Мұсылманшылдық тұтқасы" деген еңбегінде ислам жайлы көзқарасын білдірген", - дейді Рауан Жомартұлы.

Тарихшы тәңіршілдікті Түрік қағанаты тұсына жатқызуға болатынын айтады.

"Ғұндарда, сақтарда болды. Дін негізі аймақтық, үлкен масштабтық деп бөлінеді. Мысалы, буддизмді ешкім күшпен енгізген жоқ. Емін-еркін, Үндістаннан басталып үлкен аумаққа таралды", дейді ол. 

Түркі халықтары бастапқыда исламды қабылдамады дейді ол. 

"Түркештер кезінде арабтар келіп, халифатын құрды. Өмір салтына байланысты Түрік қағанатында бәрі жауынгер болып есептелді. Ислам діні бірден қабылданған жоқ, оны қысым арқылы енгізе алмады. Сондықтан ағарту арқылы енгізді. 

VII ғасыр, 620-630 жылдардағы хижра, 700-жылдары Түркеш қағанаты исламды мемлекеттік дін деп қабылдаған жоқ. XII ғасырда Қарахан тұсында ислам діні мемлекеттік дін деп жарияланғаны белгілі. Қарлұқтар оған дейін қабылданған, Алтын Ордада Өзбек, Берке хандар қабылдады. Сол уақытта христиан дінін қабылдаған хандар да болды. Демек, дінге еркіндік берілді, қысым жасалмады", - дейді тарихшы.

Тарихшының айтуынша, тәңіршілдікті қайта жандандыру мүмкін емес. Себебі ислам қазаққа қатты сіңіп кеткен, оның өзі біраз уақытқа созылды. Ислам дінін көбі әлеуметтік дін деп атайды, яғни оның жақсы, пайдалы тұстары бар. 

 

 

Дайындаған: Назерке МҰСА

Талқылау