Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның дипломдары Еуропада жарамды болады

2021 жылдан бастап еліміздегі жоғары оқу орындарының түлектеріне жаңартылған қосымшалары бар диплом беріледі. Ол қосымшада елімізде алған жоғары білім еуропалық білім санатымен сәйкес екені көрсетеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қазақстан Республикасының жоғары білім беру ұлттық біліктілік шеңберінің өздігінен сертификаттау бойынша есебін Болон процесінің хатшылығы қабылдады. Енді еліміздегі жоғары оқу орындарының дипломдары Еуропа елдерінде жарамды болады. Бұл шетелдік азаматтар тарапынан қазақстандық жоғары білімге деген қызығушылықты арттырады.  

"Қазақстандық жоғары оқу орындары түлектерінің біліктілігі еуропалық біліктілік санатымен сәйкес келеді. Болон процесі хатшылығы қабылдаған өзін-өзі сертификаттау бойынша есепті дайындау үшін білім және ғылым министрінің бұйрығымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған болатын. Оның құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы, салалық қауымдастықтар және қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдері кірді", - дейді білім және ғылым министрлігі. 

Бұл Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жөніндегі ұлттық жүйенің еуропалық жоғары білім беру кеңістігінің білім беру жүйелерімен сәтті үйлесімділігінің айқын дәлелі болып табылады.

Болон процесі еңбек нарығында азаматтардың ұтқырлығын дамыту, еуропалық жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жоғары білімнің ұлттық жүйелерін үйлестіру үшін 1999 жылы 29 елдің Білім министрлерінің бастамасымен құрылғанын естеріңізге саламыз.

Талқылау