Ақша, қымбат көлік пен жылжымайтын мүлік: Қазақстанға 375 миллиард теңгеден асатын активтер қайтарылды
Қазақстаннан заңсыз шығарылған құны 325 млрд теңгеден астам активтер мемлекетке қайтарылды. Оның ішінде 272 млрд теңге – ақшалай қаражат. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: hi-news
Қазір Бас прокуратура елдегі 1 мыңнан астам және шетелдегі 150-ден астам мүлік объектілері туралы мәліметтерге талдау жүргізіп жатқанын айтты.
“Талдаумен тағы 600 млрд теңгенің бағалы қағаздары қамтылған. Елімізде 200-ден астам және шетелде 140 банк шоттары анықталды. 2 триллион теңгеге жуық күдікті транзакциялар тексеріліп жатыр”, – дейді Бас прокуратура.
Олар маңызды әлеуметтік және экономикалық жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.
Одан бөлек, еліміздегі және шетелдегі құны 50 млрд теңгеден асатын активтер мемлекетке берілген. Олардың ішінде бірқатар стратегиялық кен орындары, монополистік компаниялар, ондаған мың гектар жер, сондай-ақ өндіріс объектілері, қонақүйлер, бизнес орталықтары, виллалар, пәтерлер, сәнді көліктер, зергерлік бұйымдар және тағы басқалар бар.
Активтерді қайтару процесінің тағы бір маңызды бөлігі – әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру. Мәселен, тізілімдегі тұлғалар өз еркімен қызметтерін ерекше қажеті бар адамдар және басқа да әлеуметтік осал топтар тегін пайдалана алатын, құны 5 млрд теңгеден асатын заманауи мәдени-ағарту орталығын салуға міндеттеме алған.
Жалпы 2022 жылдан бастап экономиканы демонополизациялау шараларын қоса алғанда жалпы сомасы шамамен 1,7 трлн теңгенің активтері, оның ішінде шетелден 750 млн АҚШ доллары мемлекетке қайтарылды.