Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар 2024 жылы міндетті медициналық сақтандыру қорына қанша төлейді

Биыл міндетті медициналық сақтандыру бойынша төлем мөлшерлемесі өзгеріссіз қалды. Алайда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі ең төменгі жалақы 70-тен 85 мың теңгеге дейін өсті. Бұл кейбір төлемдер сомасына әсерін тигізді. Осы орайда әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қазақстандықтардың биыл медициналық сақтандыруға қанша төлеуі керектігін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: news.myseldon.com

Жұмыс беруші қызметкерлерге жалақының 3 пайызы мөлшерінде жарна төлейді. 

Бұл ретте салық салынатын айлық табыс 10 ең төменгі жалақыдан (2024 жылы 850 мың теңге) аспауы тиіс. Демек, жұмыс беруші жарналарының ең жоғары мүмкін сомасы айына 25 500 теңге болады. Қаражат қызметкердің жалақысынан ұсталмайды. Оны жұмыс беруші кәсіпорынның есебінен төлейді.

Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарты негізінде қызмет көрсететін жалдамалы жұмыскерлер мен жұмыскерлер МӘМС-ке ай сайынғы табысының 2% мөлшерінде жарна төлейді. Салық салу объектісі барлық жұмыс орындарынан айына 10 ең төменгі жалақы көрсеткішінен (2024 жылы 850 000 теңге) аспауы тиіс, яғни қызметкердің жалақысына қарай, төлейтін ең жоғары жарнасы 17 000 теңге болуы мүмкін.

Жеке кәсіпкерлер ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5 пайызын төлейді. Бұл 2024 жылы 5950 теңгені құрайды. Егер жеке кәсіпкер "нөлдік" есептерді ұсынса, бірақ өз қызметін ресми түрде тоқтатпаса, онда ол Салық кодексіне сәйкес жарналарды төлеуді жалғастыруы керек. Әйтпесе қарыз пайда болады.

Тәуелсіз төлеушілер үшін жарна мөлшері 1 ең төменгі жалақының 5 пайызын, яғни 2024 жылы 4250 теңгені құрайды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өз бетінше сақтандыру үшін қазақстандықтар не өткен 12 айдағы берешегін өтеуі керек, яғни бірден 51 мың теңге төлеуі керек немесе бір жылдың жарнасын алдын ала төлеуі қажет. Әр ай үшін бөлек төлеу маңызды.

1 қаңтардан бастап бірыңғай жиынтық төлем өз күшін тоқтатқандықтан, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар екі жолмен мәртебе ала алады:

  • жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және жарналарды жеке кәсіпкер ретінде төлеу;
  • жарналарды дербес төлеуші ретінде төлеу.

2024 жылы 15 жеңілдетілген санаттағы азаматтар үшін мемлекеттік жарналар 5 852,63 теңге болады. 

Екі жерде жұмыс істейтіндер Медициналық сақтандыру қорына қалай төлем жасауы керек

Азаматтар екі ұйымға жұмысқа орналасқан жағдайлар бар. Бұл ретте төлемдерді есептеу үшін шекті кірісті ескеру қажет, бұл 10 ең төменгі жалақы (2024 жылы 850 мың теңге).

Жұмыс берушілерден міндетті медициналық сақтандыруға жарналар әрбір жұмыс орнынан, бірақ әр жұмыс берушіден айына 25 500 теңгеден (850 мыңның 3 пайызы) аспауы тиіс.

Ал қызметкерлерден жарналарды есептеу кезінде барлық жұмыс орындарынан алынатын жиынтық табыс есепке алынады, яғни ай сайынғы жарналар жалпы алғанда 17 мың теңгеден (850 мыңның 2 пайызы) аспауы керек.

Дұрыс есептеу үшін қызметкер екінші жұмыс орнында бірінші жұмыс орнынан төленген төлемдер туралы анықтаманы ұсынуы керек.

Мысалы, А ұйымында қызметкер 550 мың теңге, В ұйымында 400 мың теңге алады. Оның жалпы табысы 950 мың теңге, яғни салық салынатын табыстың шекті мөлшерінен жоғары. Бұл ретте бірінші жұмыс берушіден 11 мың теңге көлемінде жарна, 16 500 теңге көлемінде шегерім ұсталады. Екінші жұмыс орнында оның жарналары 6 мың теңгені, ал аударымдар сомасы 18 мың теңгені құрайды (шегерімдерді есептеу үшін кіріс қосылмайды).

Сондай-ақ азаматтың жұмысшы болып, еңбекақысынан қажетті төлемдерді жүзеге асырғанымен,  жеке кәсібімен айналысып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайлар да кездеседі. Мұндай жағдайларда ол негізгі жұмыс орнынан төленетін төлемдерден басқа, Салық кодексінде көзделгендей жеке кәсіпкер ретінде жарналар мен басқа да міндетті төлемдерді төлеуі тиіс.

Сақтандыру мәртебесін келесі жолдармен тексеруге болады:

  • Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
  • fms.kz ресми сайты
  • Telegram — дағы @SaqtandyrýBot
  • 1414 байланыс орталығы
  • Damumed мобильді қосымшасы
  • Kaspi.kz, Halyk, BCC.KZ мобильді қосымшасы
  • egov.kz электрондық үкімет сайты – "Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру" мемлекеттік қызметі арқылы.
Талқылау