Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зейнетке қашан шығатынын білмейді: Қазақстандық жастардың зейнет жасы туралы жауаптары таңғалдырды

2018 жылдан бастап ерлер мен әйелдердің зейнет жасын теңестіру басталды. 2027 жылға дейін әйелдер жасына алты айдан қосылып отырады. Демек, 7 жылдан соң әйелдер де ерлер сияқты 63 жаста зейнеркер атанатын болады. Биылғы жыл әйелдер 59,5 жаста зейнетке шығады. Ал мұндай өзгерістерден алматылық тұрғындар құлағдар ма екен? Stan.kz тілшісі сауалнама жүргізді. 

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер зейнетке 59,5 жасында шығады.

Қазақстанда 2018 жылдың қаңтарынан ерлер мен әйелдердің зейнет жасын теңестіру басталып еді. Заңға сәйкес, 2027 жылға дейін қазақстандық әйелдердің зейнет жасына жарты жылдан қосылып отырады. Ал ерлер үшін ештеңе өзгерген жоқ – олар зейнет демалысына бұрынғыдай 63 жаста шығады.

Былтыр әйелдердің зейнет жасы 59, ал биыл 59,5 жасты құрады. Ал келесі жылдан бастап олар 60 жасында зейнетке шығады.

2021 жылдың 1 қаңтарынан — 60 жасында;
2022 жылдың 1 қаңтарынан — 60,5 жасында;
2023 жылдың 1 қаңтарынан — 61 жасында;
2024 жылдың 1 қаңтарынан — 61,5 жасында;
2025 жылдың 1 қаңтарынан — 62 жасында;
2026 жылдың 1 қаңтарынан — 62,5 жасында;
2027 жылдың 1 қаңтарынан — 63 жасында.

Сауалнама нәтижесінде көпшіліктің зейнет жасын нақты білмейтінін байқадық. Зейнет жасына байланысты соңғы өзгерістерден хабарсыз болып шықты. 

Басым көпшілігі 58-63 жас деп жауап берді. Және бұл дұрыс жауапқа ең жақыны. Ал кейбірі тіпті, 36-40-65 жас деп шатасып жатты. 

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов "Зейнетақы жасын төмендету туралы ұсыныс қарастырылып жатыр ма?" деген сұраққа жауап берген еді. 

"Зейнет жасын төмендету туралы ұсыныстар расымен түсіп жатыр. Зейнет жасының ұлғайтылуы немесе төмендетілуі бір мезетте шешілетін дүние емес. Бұл шешім қабылданбас бұрын, әлем елдерінде үлкен зерттеулерге, мерзімдік-өзекті болжамдарға сүйеніп отырып жасалады. Бұл жерде экономикалық, демографиялық факторлар ескеріледі. Бұған қоса жұмыс істеп жүрген азаматтар мен зейнеткерлердің арасындағы арақатынасы, халықтың қартаюы динамикасы сынды көрсеткіштер есепке алынады", - деді министр.

Сауалнаманың толық нұсқасын біздің Youtube каналымыздан көре аласыздар. 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК, Сәкен ҚҰЛМАН

Талқылау