Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

МӘМС жарнасы бес есе ұлғаяды: Қазақстандықтар заң жобасына қарсы шықты

Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымдарын есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табыстың жоғарғы шегін бес есе ұлғайтуды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Stan.kz

Ведомство 2025 жылдан бастап жарналардың жоғарғы шегін ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінде белгілемек. Министрліктің түсіндіруінше, МӘМС-ке қатысты қаржы мәселелерін осылай шешуге болады. Бұл медициналық көмектің қолжетімдігін арттырады деп сендіріп отыр.

Жоғары ставка айлығы 850 мың теңгеден асатын азаматтарға ғана қатысты. Елімізде мұндай жалақыны жалдамалы қызметкерлердің 9%-ы алады. Осы шектен асатын 502 мың адам енді бес есе көп жарна төлейді. Жұмыс берушілер үшін 25 500 теңгеден 127 500 теңгеге, ал жалдамалы қызметкерлер үшін 17 000 теңгеден 85 000 теңгеге дейін өседі. Жарна ең төменгі жалақы мөлшері өскенде соған сәйкес өсіп отырады. Осы өзгерістің әсерінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосымша 243 миллиард теңге түсім болады деп көзделген. Бұл заң жобасы 7 ақпанға дейін жария талқылауда болады.

"Бұл ұсыныс халықаралық тәжірибені ескере отырып әрі МӘМС жүйесін ары қарай жетілдіру мақсатында әзірленді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сарапшылары есептегендей өзгеріс қабылданған жағдайда қазір ай сайынғы табысы 850 мың теңгеден асатын жалдамалы қызметкерлердің тек 9%-ына ғана әсер етеді. Яғни, шекті жоғарылату төлеушілердің 91%-ына әсер етпейді", – дейді "ӘМСҚ" КЕАҚ баспасөз қызметі.

Табыс шегінің өсуі жарна аударатын қызметкерлердің 91%-ына әсер етпейді. Ал кәсіпкерлер бұл өзгеріс бизнеске тиімсіз деп отыр. Пікірінше, қазір онсыз да салық жүктемесі тым жоғары. Түрлі міндетті төлемдер де жетерлік. Енді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған аударымдар ұлғайса, бизнес тоқырауға ұшырайды деп санайды.

"Жоқ, толықтай келіспеймін. Қазіргі төлеп жатқан төлемақылардың мөлшері өз деңгейінен өте көп. Бізде, біріншіден, сауда жоқ. Екіншіден, таңнын атысынан кештің батысына дейін бала-шағамызды асыраймыз ба деп тұрмыз. Оның үстіне, жаңағыдай мөлшер болса, бізге мына жерде жұмыс істеудің қажеті жоқ. Құр әшейін жүреміз ғой. Басқа вариант көріп тұрғын жоқпын", – дейді кәсіпкер Нұрғали Махаев.

Сонымен қатар биылдан бастап жалпыхалықтық декларация тапсырудың үшінші кезеңі басталды. Оған сәйкес, акционерлік қоғамдар мен серіктестіктердің басшылары не құрылтайшылары табысы мен мүлкіне қатысты ақпаратты тіркеуге тиіс. Жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары да декларация тапсыруға міндетті.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік медициналық сақтандырудың ең жоғары жарнасын бес есе арттыру қарастырылып жатқаны белгілі болған. Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне (МӘМС) жарна мен аударымдарды есептеу үшін ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) 10-нан 50-ге дейін ұлғайтуды ұсынды. Кейбір сарапшылар жарнаның бұлай күрт өсуі қазақстандық салық төлеушілерге салмақ салуы мүмкін деп санайды. Дегенмен мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өкілдерінің (МӘМС) айтуынша, бұл ұсыныс халықаралық тәжірибені ескере отырып жасалған және азаматтардың әл-ауқатына айтарлықтай әсер етпейді.

Талқылау