Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар Израильді қолдады деп көптеген компанияға бойкот жариялады: Отандық сарапшылар акцияға қатысты не ойлайды

Газа секторындағы қақтығыс басталғалы бері Палестинаға жақтас белсенділер Израильге қатысы бар компаниялардың тауарларынан жаппай бас тарта бастады. Олардың қатарында Coca Cola, McDonald’s, Starbucks сынды танымал әлемдік брендтер бар. АҚШ, Түркия елдерінде белсенділер брендтердің тауарларын лақтырып, тіпті ғимаратын қиратқан. Қазақстандықтар да осы науқанды жалғастырып, наразылық білдіруде. Stan.kz тілшісі отандық саясаттанушылардан бұл акцияға қатысты көзқарастарын және ел тұрғындарының жат елдегі соғыс барысына қалай әсер ете алатынын сұрады. 

Палестинаны қолдайтын қазақстандықтар Израиль әскерін қаржыландырды деп бірнеше брендке бойкот жариялап, өнімдерінен бас тартты. 2GIS қосымшасында да оларға наразылықтарын білдіріп, төмен баға қойып кеткен. Соның кесірінен біраз кофехана желісінің рейтингі түсті.

Алматылық блогер Палестинаның туын жамылып, көшеде Starbucks кофеханалар желісінің алтын карточкасын сындырып, наразылық білдірген. Ол компания Израильді қолдайтындықтан, енді оған бармайтынын айтады.

Отандық танымал визажист те Израиль әскерін қаржыландыратын өнімдерге бойкот жариялайтынын айтты. Ол енді Estée Lauder, L’Oreal және Clinique косметика өнімдерін қолданбаймын деп мәлімдеді.



Желіде шулатқан видеолардың бірі – қазақстандықтың дүкеннен бірнеше Coca-Cola-ны сатып алып, оның көзін құртуды насихаттауы. Ер адам қарсылық ретінде газдалған сусынды жерге төгіп тастаған. 

“Алып компанияға бойкот жариялағаннан тек қазақтардың өздері зардап шегеді”

Қазақстандық саясаттанушылар бұл акцияны оңынан бағаламады. 

“Қазақтар Cola ішпей қалғаннан, Газада соғыс тоқтап қалмайды. Бұл Израиль – ХАМАС соғысына 0,000000001 пайыз да әсер етпейді. Есесіне қазақтардың өздері зардап шегеді. 

Coca-Cola миллиардтаған доллар айналымға және әлем бойынша барлық елде сатылады. Компания өнім рецептіне және бренд құқығына ие. Алайда оны әлемнің көптеген елінде Coca-Cola компаниясына қатысы жоқ компаниялар құйып сатады. Ондай компанияларды “ботлер” деп атайды. Coca-Cola оларға өздерінің әйгілі шәрбатын жеткізіп тұрады”, – деді саясаттанушы, желі белсендісі Асхат Қасенғали.

Ол Қазақстанда Cola шығаратын бірнеше компания бар екенін айтты. Оның айтуынша, қазақстандықтар газдалған сусын ішпегеннен Израиль мен Газа соғысы тоқтамайды, тек өз отандастары жұмыссыз қалуы мүмкін

“Ол – біздің зауыт, онда жұмыс істейтін азаматтар – отандастарымыз. Отандастарымыздың жұмыссыз қалуынан бөлек, Cola демеуші болатын түрлі спорт, өнер сайыстары мен қайырымдылық шаралары азаюы мүмкін”, – деді спикер. 

Айтуынша, Қазақстан сынды елдердегі бойкоттардың әлемдік саясатқа әсері өте аз. Өйткені елде халық саны аз болғандықтан, сатып алу қабілеті де төмен.

“Бізде бір жылда сатылатын жаңа көліктер кей елдерде бір күнде сатылады. Сондықтан әсер аз. Бойкот өзіміздің ішіміздегі жұмыссыздықты арттырып, салық түсімін азайтуы мүмкін, одан басқа түк емес. Қазақстан мұнай жеткізуді, уран сатуды тоқтатса немесе астық жеткізуге тыйым салса, өз аумағын транзит ретінде қолдануға рұқсат етпесе, онда белгілі бір саяси оқиғаларға әсер ете алуы ықтимал”, – деді ол.

“Бойкотқа ұшыраған компаниялар Израиль әскеріне қаржы құйған жоқ”

Саясаттанушы Замир Қаражановтың айтуынша, қазіргі таңда сынға ұшыраған танымал брендтер, шынына келгенде, өздерінің саяси ұстанымдарын көрсетіп, бір тарапты қолдау туралы нақты мәлімдеме жасамаған.

“Starbucks оқиғаға саяси баға берген жоқ. Компанияның мәлімдемесінде “Starbucks Израиль мен Газа секторындағы террористік актілердің құрбандарына, ондағы зорлық-зомбылықтың күшеюіне жанашырлық танытады" делінген. Олар тек зорлық-зомбылықты құптамайтындарын айтады. Компанияның кәсіподағы Палестина халқына көмек те берген. Алайда олар қызметкерлерінің ұстанымы әртүрлі екенін және олардың жеке ұстанымдарына араласа алмайтындарын айтты”, – деді Қаражанов.

Саясаттанушы McDonald's франчайзинг болғандықтан, оған бойкот жасау ештеңеге әсер етпейтінін айтады. Әр елдегі McDonald's-тың ұстанымы да әртүрлі екен. Себебі оны сол елдің адамдары басқарады. Қаражановтың айтуынша, Walt Disney ХАМАС шабуылынан зардап шеккендерге қаражат бөлді. Алайда қарсы тараптың әскеріне қаржы құйып, көмектескен жоқ дейді.

“Брендтер мен компаниялардың өнімінен бас тарту соғыс барысына әсер етпейді, тек компаниялардың өздеріне шығын әкеледі. Соғыс болғандықтан, бойкотсыз-ақ Израильдің экономикасына соққы тиетіні айқын. Алайда олар қауіпсіздік мәселелерін экономикаға қарағанда жоғары қойып отыр”, – деді сарапшы.

“Мұсылмандарды қолдасақ, Қытай өнімдерінен де бас тарту керек”

Философия ғылымдарының докторы, әлеуметтанушы Гүлжан Әбдіғалиева бұл акция ақпараттық ағынға еруден пайда болғанын айтады.

“Ақпараттық соғыстың кесірінен ақпараттық тренд пайда болды, екі тараптың бірін қолдау сәнге айналды. АҚШ пен Түркиядан басталған тенденция бізге де жетті. Демонстративті бойкот жариялау “бәрі қолдап жатыр, біз де қолдайық деген ойдан туған сияқты. Ал шындығына келсек, Израильге қатысы бар өнімдерге бойкот жариялаймыз десек, барлық жаңа технологиялардан бас тартуға тура келеді”, – деді сарапшы. 

Сарапшы басқа елдердегі мұсылмандар мәселесі тыс қалып жатқанын айтты.

“Егер Палестинадағы мұсылмандарды қолдасақ, Қытайдағы мұсылмандарды неге қолдамасқа?! Неге Қытай өнімдеріне бойкот жасамаймыз? Мьянмада да мұсылмандардың жағдайы мәз емес. Бұл акция ештеңе шешпейді, одан да гуманитарлық көмек арқылы қолдау көрсеткен маңызды”, –деді Әбдіғалиева.

Талқылау