Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар екі ай ішінде өздері қалаған медициналық орталыққа тіркеле алады

Қазақстандықтар 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында емделетін медициналық орталығын ауыстыра алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Азаматтар медициналық-санитарлық көмек көрсететін 1935 ұйымның біріне тіркеле алады. Оның 710-ы мемлекеттік және 1225-сі – жекеменшік клиника.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры үйіне жақын маңдағы ауруханаларға тіркелуге кеңес береді. Таңдаған медициналық ұйым алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан болуы тиіс.

Мекемелердің тізімі  fms.kz сайтында "Клиниканы таңдау" бөлімінде көрсетілген.  

Жаңадан тіркелген емханадан 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек алуға болады, яғни 31 желтоқсанға дейін бұрынғы емханасына барады.

“Емханаға тіркелу үшін egov.kz электронды үкімет веб-порталы арқылы "Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымдарына тіркеу" қызметін пайдалану керек. Сондай-ақ емхананың өзіне барып, өтініш жазуға болады”, – деп мәлімдеді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі. 

Шетелдік азаматтар алғашқы медициналық санитарлық және шұғыл стационарлық көмек алу үшін ерікті медициналық сақтандыру шарты немесе жүктелген медициналық сақтандыру шарты болуы тиіс. 

Талқылау