Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Олимпиада чемпионы Александр Винокуров 20 жыл еңбек өтілін дәлелдей алмағандықтан, мемлекеттен төлем ала алмай қалды

Фото: Olimpic.kz

Қазақстандық велоспорттың аңызына айналған Александр Винокуров жоғары спорттық жетістіктері үшін берілетін "олимпиадалық" төлемдерді рәсімдей алмай отыр. Бұл төлемдер Қазақстан атынан Олимпиада ойындарына қатысқан және жүлде алған спортшылар мен жаттықтырушыларға беріледі. Алайда Винокуров өз елінің атынан 20 жыл бойы жарыстарға қатысқанын дәлелдеу үшін түрлі анықтама жинап, кабинеттен кабинетке сабылуға мәжбүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Велоспорттан Олимпиада чемпионы Александр Винокуров 1998 жылдан 2006 жылға дейін мен штаттық құрамда болмағанын және жалақы алмағанын айтты.

"Архивте анықтама да жоқ. Егер зейнетақы аударымдары болмаса, демек жұмыс істемегенсің деп қабылдайды. Жігіттер, онда менің ұлттық құрамада болғанымды, Олимпиада ойындарына, әлем чемпионаттарына қатысқанымды растайтын құжаттарды неге есепке алмайсыздар?” деп сұрадым”, – деді Александр Винокуров.

Қазіргі ережеге сай, штаттық ұлттық құрамда жұмыс істеген мерзім ғана еңбек өтілі ретінде есептеледі. Ал ұлттық құрама мүшесі болған кезең есепке алынбайды. Бұл жағдайдың әділетсіз екенін айтқан Винокуров төлемдерге қатысты бұйрыққа өзгеріс енгізу қажет деп санайды. Оның пікірін спорт саласындағы сарапшы Альберт Ахметов те қолдайды.

"Бұл жағдайдан шығу үшін заң жүзінде бір жолын ойластыру қажет. Кейбір қосымша баптар мен тармақтар енгізу керек. Мәселен, Олимпиада медалі бар спортшылар, егер қандай да бір түрде ұлттық құрамада болғаны дәлелденсе, өмір бойы төлем алуға құқылы болуы қажет", – деді сарапшы Альберт Ахметов. 

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің мәліметінше, Александр Винокуровтың еңбек өтілі құжат жүзінде тек 10 жыл 11 ай ғана болып отыр. Комитеттің ресми өкілі Мейрамғазы Сапарғалиев 20 жылдық талапқа сай келмейтінін атап өтті.

"Жоғарыда аталған негіздерге сай, Александр Николаевич Винокуров өмір бойғы ай сайынғы материалдық қамтамасыз етуге тиісті еңбек өтілінің жеткіліксіздігіне байланысты сәйкес келмейді", – деп түсіндірді министрлік өкілі.

Дегенмен спортшы бұл мәселенің оң шешілетініне үміттеніп отыр. Оның айтуынша, Қазақстанда штаттық құрамда 20 жыл жұмыс істеген спортшыны табу өте қиын. Сондықтан ол еңбек өтіліне қойылатын талапты 10 жылға дейін қысқарту қажет деп есептейді. Бұл олардың ел алдындағы еңбегін еш төмендетпейді.


Қазақстанның спорт министрі Кениядан келген натурализацияланған спортшылардың мәртебесі жайлы айтты


Велоспорттан қазақстандық Евгений Федоров Азия чемпионы атанды


Еске салайық, бұған дейін Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев соңғы уақытта қазақ бокс стилінің нашарлап кеткенін жеткізді. Сәрсекбаевты Қазақстан бокс федерациясы эксперименталды құрамаға бас бапкер етіп тағайындаған еді. Олимпиада чемпионы бұған дейін Вьетнамның Ханой қаласында бас бапкер қызметін атқарған. Бақыт Instagram парақшасында белсенділік танытып, жаттығу сәттерімен қатар, ел спортына қатысты өзекті мәселелерді де қозғап жүр.

 

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 23 Сәуір, 2025 14:56