Қазақстандық шенеуніктердің АҚШ-та сатып алған мүліктері жарияланды
АҚШ-та қазақстандық бұрынғы шенеуніктердің жылжымайтын мүліктері анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Global Financial Integrity АҚШ-та күмәнді ақшаға коммерциялық жылжымайтын мүлік сатып алған шетелдік бизнесмендер туралы деректер жариялады. Осы тізім бойынша Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың, бұрынғы мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев және Казкоммерцбанктің бұрынғы иесі Асқар Алшынбаевтың АҚШ-та жылжымайтын мүліктері бар екені анықталды.
Виктор Храпунов бұл тізімде олигарх ретінде көрсетілген. Сараптамада мемлекеттен қаржысынан 300 миллион доллар жымқырғаны үшін сырттай сотталған Алматының экс-әкіміне сол қаражатты заңдастыру үшін Нью-Йорктен қонақүй мен медициналық орталық сатып алғаны айтылған.
Фото: Global Financial Integrity
Бұған қоса, Храпуновпен байланысы бар швейцариялық компания Нью-Йорк штатындағы Сиракузада 600 мың шаршы метрлік жылжымайтын мүлік сатып алғаны анықталған. Ғимараттың құны 35 миллион долларға бағаланады.
Тізімде Сауат Мыңбаев пен Асқар Алшынбаев саяси ықпалы бар тұлғалар ретінде көрсетілген. Олардың АҚШ-тағы күдікті мүлкі 391 миллион долларға бағаланған.
Олардың қарамағындағы нысандардың ішінде: кеңселер мен жалға берілетін пәтерлер бар.
Еске салсақ, бұған дейін Назарбаевтың туыстары мен бірнеше шенеуніктің Дубайдағы мүліктері анықталғаны туралы жазған едік.