Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық мамандар артық салмақтан арылудың жолдарын айтты

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, әлем халқының 1/5 бөлігі семіздікке шалдыққан. Қазақстанда ересектердің 59 пайызында, ал балалардың 19 пайызында артық салмақ. Соның ішінде балалардың 7 пайызында, ересектердің 24 пайызында семіздік. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Qazaqstan" ұлттық телеарнасындағы "Теледәрігер" бағдарламасына сілтеп хабарлайды. 

мамандар

Семіздіктің 90 пайызы дұрыс тамақтанбаудан және аз қимылдаудан пайда болады. Оған қазіргі жартылай дайын және фастфуд өнімдердің көбеюі себеп дейді мамандар. 

Осы орайда эндокринолог Гүлжан Мұратханқызы жүректің қантамыр аурулары артық салмақпен тікелей байланысты екендігін айтып кетті.

"Семіздік жүректің қантамыр ауруларына әкеп соғады. Артық салмағы бар кез келген адамның зат алмасуы бұзылады. Метаболизмнің бұзылуы атеросклероз, қант диабеті секілді ауруларды тудырады", - дейді эндокринолог Гүлжан Мұратханқызы. 

Артық салмақтан арылудың қандай жолдары бар деген сұраққа диетолог Арай Әмре былай жауап берді. 

"Артық салмақтан арылудың тиімді жолы – дұрыс түзілген тамақ рационы. Мүсіннің мінсіз, деннің сау болуы үшін күнделікті тұтынатын тағамға талғаммен қараған жөн. Құрамында холестерин, май, түрлі дәмдеуіштері бар тағамдарды жиі қолданбаған дұрыс. Күнделікті рационда көкөніс өнімдері, табиғи су, жеміс-жидектер қорының мол болғаны жақсы", - дейді диетолог Арай Әмре.

Салмақ тастарда іштей моральдық-психологиялық дайындықтың маңызы туралы психолог маман Айсұлу Нұрлыбекқызы пайдалы кеңестер айтты. 

"Артық салмақтан арылу үшін адам моральдік тұрғыда берік болу керек. Психологиялық қолдаудың да маңызы зор. Сол себепті нәтижеге қол жеткізу үшін арнайы мамандардың көмегіне жүгінген абзал", - дейді ол. 

"Теледәрігер" бағдарламасы еліміздің жоғары дәрежелі эндокринолог, диетолог, психолог мамандарымен бірлесе отырып, артық салмақтан арыла алмай жүрген көрермендерге қол ұшын созу мақсатында 18 қаңтардан бастап "Артықтан арыл" акциясын бастайды. Үш ай бойы қатысушылар білікті мамандардың бақылауында болып, дұрыс тамақтану арқылы артық салмақ пен артық жаман ойдан арылады. 

"Менің тәжірибемде бұндай арықтау марафоны телевизиялық форматта алғаш рет өтеді. Біздің мақсатымыз тек майдан арылу емес, артық салмағы бар қатысушылардың денсаулығын қалпына келтіру. Нәтиже көрсеткендер "Теледәрігер" бағдарламасына шақырылып, марапатталады", - дейді диетолог Арай Әмре.

Эндокринолог Гүлжан Мұратханқызы артық салмақтың себебін анықтау үшін зат алмасу процессінің қалай өтіп жатқандығына сараптама жүргізу керек дейді. 

"Сондай-ақ гормондардың өзгерісін анықтау үшін бізге арнайы сараптама жасау керек. Сондықтан қатысушылар алдымен анализ тапсырып, үш ай бойы біздің бақылауымызда болады. Жобаға жасы 25-тен асқан, салмағы 80 кг артық еліміздің кез келген аймағында тұратын қыз-келіншектер қатыса алады. Өтініштер 15 қаңтарға дейін қабылданады", - дейді ол.

Талқылау