Еттен кейін Coca-Cola ішу дұрыс па – Танымал жарнамаға қатысты маман пікір білдірді
Әлеуметтік желі белсендісі Халиса Алманиязова көшедегі билбордқа қойылған Coca-Cola жарнамасына шүйлікті. Ет жегеннен кейін газдалған сусын ішуге шақыратын жарнама өте ауыр зардаптарға әкеледі дейді ол. Осы тұста Stan.kz тілшісі нутрициолог маманнан ет жегеннен кейін газдалған сусын ішкен қаншалықты зиян екенін сұрап көрді.
Желі қолданушысы Халиса Алманиязова Facebook-тағы парақшасында билбордқа қойылған “Үйге әрқашан да жақын. Дәмді бешбармақ. Мұзды Coca-Cola” деп жазылған жарнаманың өте қауіпті екенін айтады. Сөзінше, газды сусындарды ішу салдарынан бүйрекке тас жиналады.
Нутрициолог Айгүл Олжанованың сөзінше, Coca-Cola сынды сусындардың құрамында газ өте көп болғандықтан, ол ішті кептіреді.
"Адамдардың көбі тамақтан кейін газдалған сусын ішу еттің немесе майлы тамақтың қорытылуына көмектеседі деп ойлайды. Керісінше, оның зияны көп. Газды сусын кальций, темір сынды минералдарды шайып кетеді. Ағзаға қажет пайдалы элементтердің бәрі ыдырайды. Сондай-ақ оның құрамында қант көп, салдарынан адам қант диабетіне ұшырауы мүмкін. Сонымен қатар салқын сусынды іште жылыту үшін асқазан көбірек энергия жұмсайды. Оның пайдасы жоқ", – дейді ол.
Маман оның орнына тамақтан кейін сорпа немесе қымыз ішуді кеңес етеді.
"Ет коласыз-ақ өз бетімен қорытылады. Бірақ тамақтан кейін асқазанда ауырлық сезсеңіз, сорпа ішкен жөн. Сорпаға құрт пен айран қосуға болады. Сондай-ақ қазақтар бұрын еттен кейін қымыз ішетін. Себебі ол ауыр тамақты тез ыдыратып, қорытуға көмектеседі" – деді диетолог.
Айта кетсек, Nurses' Health Study зерттеуі бойынша Cola-ның құрамында фосфор қышқылы болғандықтан, ол бүйректе тас жиналуға әсер етеді. Соның салдарынан зәр шығару жүйесінде өзгерістер пайда болады.
Ұйымның 20 жыл бойы жүргізілген зерттеуіне үш мыңнан астам әйел қатысқан. Гарвард медициналық мектебінің денсаулық ғылымдарының ассистенті, Бригам және әйелдер ауруханасының дәрігері доктор Джули Линнің айтуынша, бастапқыда әйелдердің ешқайсысының бүйрегінде мәселе болмаған. Алайда күнде газдалған сусынды ішкен әйелдерде бүйрек қызметі 30% төмендеген екен. Мұнымен қоса фильтрация жылдамдығы бұзылған.