Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұнамаған букеттен құтылу үшін": Қазақстандық арулар 14 ақпаннан кейін қолданылған гүл шоқтарын сатылымға қойған

14 ақпаннан кейін қазақстандық қыз-келіншектер OLX платформасында қолданылған гүл шоқтарын жаппай сата бастады. Метрлік қызыл раушандар мен аю ойыншықтары бар гүл шоғы – 20 000 теңгеден сатылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі зерттеп көрді.

Фото: pixabay.com

Қазақстанда ғашықтар күні – Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу күні 15 сәуірде атап өтілгенімен, көптеген жұп дәстүрлі түрде 14 ақпанда да бір-бірін құттықтайды. Бұл күннің басты атрибуттары – валентинкалар, кәмпиттер, жұмсақ ойыншықтар және гүлдер.

Алайда кейбір қыздар бірнеше жігіттен қатарынан гүл алып, ұнамаған букеттен құтылу үшін оларды сатуды жөн көрген. Енді бірі лақтырып тастамай, құрбыларына бермей, осылай істеуді ойлаған. Гүлдерді сатылымға қойған қыздардың көбі Алматы, Семей, Ақтөбе және Астана қаласынан болып шықты.

14 ақпан кешінен бастап OLX платформасында гүл шоқтарын сатуға арналған хабарландырулар пайда болды.

  • 51 ақ раушан – 17 000 теңге. Дүкен бағасы – 40 000 теңгеден басталады. Себебі, бір раушан гүлінің құны 800 теңгеден кем емес, ал көбінесе 1300-1500 теңге аралығында.
  • 25-30 қызғылт раушаннан және эвкалипт бұтақтарынан жасалған гүл шоғы – 12 000 және 15 000 теңге. Дүкендегі бағасы – 30 000 теңгеден жоғары.
  • Метрлік қызыл раушандар мен аю ойыншықтары бар гүл шоғы – 20 000 теңге.

Фото: Stan.kz / OLX платформасынан скринделген

Сондай-ақ OLX платформасынан 2000 теңгеден басталатын қолжетімді гүл шоқтарын да табуға болады.



Еске салайық, бұған дейін қазақ жігіттері 8 наурызда тарту еткен сыйлықты сатып жіберген аруларға ренішін айтқан еді. 8 наурызда алынған гүлдер мен сыйлықтар келесі күні-ақ OLX-те арзан бағада сатылымға шықты. Желі қолданушылары 60-70 мың теңгелік гүлдердің 5-20 мың теңгеге сатылып жатқанын көріп таңғалған."Жігіттер, OLX-ті қараңдар, таныс гүлдер кездесіп қалар!" деп әзілдейді олар. Сыйлыққа берілген сертификаттар да сатылымға қойылған. Себеп – біреуге шұғыл ақша керек, ал біреуге сыйлық ұнамаған. Ал 8 наурызда танымал болған шоколадты құлпынайлардың өтпей қалғаны қоқысқа тасталған.

Талқылау