Қазақстандағы орташа жалақы көлемі басқа елдердегі жалақымен салыстырғанда қандай
Numbeo деректер қоры өмір сүру сапасы мен күнкөріс деңгейі туралы ақпарат жариялады. Онда Қазақстан салықтан кейінгі орташа айлық жалақы рейтингінде 67-орынға шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Рейтингке 97 ел енген, олардың ішінде Швейцария, Люксембург және АҚШ ең жоғары табыс бойынша көш бастап тұр.
Швейцария айына 7 219 долларлық әсерлі орташа жалақымен жетекші орынға ие. Одан кейін Люксембург тұр, онда азаматтар алты мың долларға жуық табыс табады. АҚШ 4 529 доллармен үшінші орынды иеленді. Азия құрлығында Сингапур 4 503 доллармен жалақы бойынша бірінші орында.
Орталық Азия елдерінің ішінде рейтингке Қазақстан мен Өзбекстан кірді. Қазақстанда орташа айлық жалақы 582 доллар (шамамен 279 мың теңге). Осылайша рейтингте 67-орында тұр. Өзбекстан 78-орынға тұрақтады, елдегі орташа жалақы 438 доллар.
Инфографика: ranking.kz
Ең төменгі жалақы Кубада – небәрі 37,6 доллар. Оның рейтингтегі ең жақын "көршілері" Египет (146,2 доллар) пен Нигерия (147,4 доллар) екен.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы 2029 жылы 573 мың теңгеден асатынын жазған едік. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың бірінші тоқсанында орташа айлық жалақы 382,2 мың теңге болды. Ол Қазақстандағы барлық жұмысшының жалақысының орташа арифметикалық мәні ретінде есептеледі.