Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары 4 млн теңгеге дейін сыйақы алатын болды

Қазақстанда халықаралық зияткерлік олимпиадаларға қатысушыларды ақшалай сыйлықтармен ынталандыратын болады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Зияткерлік бағыттар бойынша халықаралық олимпиадаларға қатысушыларды ынталандыру және қолдау мақсатында мынадай біржолғы ақшалай сыйлықтарды белгілеу жоспарлануда: алтын үшін 1500 АЕК мөлшерінде, күміс – 1000 АЕК және қола – 500 АЕК", – деді ол үкімет отырысында.

Сыйақы мөлшері 1,4 миллионнан 4,4 миллион теңгеге дейін болатынын айта кетейік.

Сондай-ақ жеңімпаздарды дайындаған мұғалімдер мен тәлімгерлерге де бір реттік ақшалай сыйлықтар беріледі.

"Интеллектуалды, шығармашылық, спорттық салалар мен WorldSkills бойынша халықаралық олимпиадалар жеңімпаздарының қолдауымен конкурсқа қатысусыз жоғары оқу орындарына түсуге гранттар беру мәселесі заңды түрде реттеледі", – деп қосып өтті министр.

Бұл шараларды жүзеге асыру үшін білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыретіне жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін және олардың жаттықтырушыларын көтермелеу ережесін бекітуді енгізу тұрғысынан Қазақстанның "Білім туралы" Заңына өзгерістер енгізілетін болады.

Талқылау