Қазақстанда жоғары сынып оқушылары үшін ағылшын тілі пәнінің сағаты көбейеді
Қазақстанда 10-11 сынып оқушылары үшін ағылшын тілі пәнінің сағатын көбейту жоспарланып отыр. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, сондай-ақ математика, физика, химия, биология пәндерінің сағаттарын көбейту жоспарланып отыр.
“Бұнымен қоса оқу бағдарламалары да жаңартылады. Мұғалімдерге қосымша курстар ұйымдастырылады. "STEM" білім беру тәсілдеріне негізделген жаратылыстану-математика пәндерін оқытуды күшейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жоғары сыныптарда ағылшын тілін үйренуге, нақтырақ айтқанда, 10-11 сыныптардағы ағылшын тілі сағатын көбейтуге, бағдарламаларды жаңартуға және мұғалімдердің біліктілігін арттыруға баса мән беріледі. 2024 жылдан бастап "CEFR" бойынша 3-сыныпта ағылшын тілін оқыту сағаттарын ұлғайту мен қазақ және орыс тілдерін меңгеру үшін қажетті оқу жүктемесін қамтамасыз ету шаралары қабылданады", - деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.
Қоса кетсек, сонымен қатар министр "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында кемінде 800 мың оқушы орны ашылатынын мәлімдеді.
Kcell компаниясы қызметкерлеріне арналған жаңа жылдық корпоративке 160 миллионға жуық қаражат жұмсаған