Қазақстанда жанармай қымбаттаса, азық-түлік бағасы өсе ме – Министр жауап берді
Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин “елімізде жанармай қымбаттаса, азық-түлік бағасы өсе ме?” деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, баға өсімі тауардың түріне қарай әсер етеді.
“Жеңіл тауар болса аса қымбаттамайды, ірі өнімдерге баға тиісінше өсуі мүмкін. Жанар-жағармай бағасы өскен жағдайда, мысалы қантқа әсері - 5 пайыз, ал күнбағыс майы - 2,4 пайызға өседі деген болжам бар. Шамамен 15-17 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, тауар өндіруші ірі кәсіпорындар қазір бензин, дизельмен жұмыс істемейді. Олар газға көшкен. Ал газдың бағасы әзір өспейді", - деді Серік Жұманғарин Үкімет отырысынан кейін.
Оның айтуынша, жанар-жағармай бағасының өсуі азық-түлік құнының артуына айтарлықтай әсер етпейді.
"Биыл күзгі егіс жұмыстарына 413 мың тонна дизель отыны бөлінді. Ол арзандатылған бағамен литрі 204 теңге болады. Бұл баға өзгермейді. Сондықтан жанар-жағармай бағасының өсуі азық-түліктің қымбаттауына аса әсер етпейді. Қазір елімізде баға тұрақты, осы орайда бірден өсіруге негіз көрмей тұрмын. Оның үстіне бізде азық-түлік қоры бар", - дейді ол.