Қазақстанда жаңа саяси партия тіркелмек
Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова "Ынтымақ" саяси партиясы қашан мемлекеттік тіркеуден өте алатынын айтты.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ашық дереккөзден
Ботагөз Жақселекова 4 мамырда "Ынтымақ" саяси партиясын құру ниеті туралы хабарламаның қабылданғанын айтты.
"11 мамырда партияның құрылтай съезі өтті. Біздің заңымызға сәйкес, съезд өткізілгеннен кейін төрт ай ішінде мемлекеттік тіркеуге құжаттар ұсынылады. Бұдан әрі министрлік заңнамада белгіленген тәртіппен құжаттарды тексереді", – деп толықтырды спикер.
Әділет министрлігіне 4 наурызда "Ынтымақ" республикалық саяси партиясын құру ниеті туралы хабарлама келіп түсті.
"Биыл жыл басынан бері әділет министрлігіне саяси партия құру туралы үш хабарлама келіп түсті. Олардың барлығы белгіленген тәртіппен қаралды. Тек біреуі қабылданды, ол – Ынтымақ партиясы. Қалған екі партия құжаттары дұрыс болмағандықтан тіркеуден өтпей қалды. "Алға Қазақстан" және "Халық дербестігі" партияларының тізімі сәйкес келмеуіне байланысты бас тарттық", – деді Ботагөз Жақселекова.
"Ынтымақ" республикалық саяси партиясын құру бастамашыларының бірі – 2022 жылғы қазанда Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде ұсынылған Мейрам Қажыкен.
Бұған дейін Қазақстанда 2024 жылдың басынан бері өтініш берген екі партия тіркеуден өтпей қалғанын хабарлаған едік.