Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жаңа мұнай өңдеу зауыты салына ма: Министр жауап берді

ҚР Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов жаңа мұнай өңдеу зауытын салуға қатысты қандай шешім бар екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Мұнай өңдеу зауытына қатысты тоқталсақ, былтыр Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту туралы шешім қабылдадық. Кезінде ол 12 миллион тоннаға есептелген болатын. Яғни, оның тек 6 млн тонна шамасындағы қуаты іске қосылған", - деді Б. Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, зауыттың аумағы негізінен 12 млн тонна өндіруге арналған.

"Бұл зауыттың қуатын екі есе арттыру туралы шешімге тоқталдық. Шын мәнінде, біз Шымкент мұнай өңдеу зауыты аумағында тағы да 6 миллиондық мұнай өңдеу зауытын салғымыз келеді. Егер басқа бос аумақта дербес салсақ, ол жоба қымбатқа түседі. Сондықтан зауытты қолданыстағы инфрақұрылымның аумағында салсақ, бұл жоба жеңілдеу болады, өйткені ол жерге мұнай құбырлары тартылған", - деді министрдің міндетін атқарушы.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа өндірісті жобалаудан іске қосуға дейін шамамен алты жыл уақыт керек.

Талқылау