Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Тұрсын Жұртбай мен бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттады

Тоқаев
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өмір жолы ұрпаққа үлгі-өнеге болатын, ұлт мүддесі үшін қызмет етіп, халықтың ықыласына бөленген бір топ азаматқа құрмет көрсетті.

Соның ішінде көрнекті суретші, танымал өнер қайраткері Бәтима Зәуірбековаға "Отан" ордені, көрнекті әдебиеттанушы ғалым Тұрсын Жұртбайға I дәрежелі "Барыс" ордені, мемлекет қайраткері Александр Судьинге II дәрежелі "Барыс" ордені табысталды.

Тоқаев Бәтима Зәуірбекованың отандық гобелен өнері мектебінің негізін қалап, қазақ әйелдері арасынан шыққан осы саладағы тұңғыш кәсіби маман атанғанына назар аударды.

Тоқаев
Фото: Ақорда
“Шығармашылығыңыз жоғары деңгейде мойындалып, Мемлекеттік сыйлықтың иегері болдыңыз. Халқымыздың тарихын, бітім-болмысын, ою-өрнегі мен салт-дәстүрін дәріптеуге баса мән бердіңіз. Сіздің туындыларыңыз Алматы және басқа да қалалардың әйгілі ғимараттарына көрік беріп тұр. Ұлттық өнер жолында салған дара жолыңыз жас буын азаматтары үшін тамаша үлгі-өнеге деп санаймын”, – деді мемлекет басшысы.

Сөзінше, Зәуірбекованың туындылары шет мемлекеттерде де сақталған. Оның еңбектерін әлемге белгілі мамандар өте жоғары бағалайтынын айтады.

Сондай-ақ президент көрнекті ғалым, қарымды қаламгер Тұрсын Жұртбай төл тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын зерттеп, халықтың сана-сезімін жаңғыртуға елеулі үлес қосқанын атап өтті. Оның ішінде Абай шығармашылығын зерттегенін ерекше атады.

“Абай – ұлттың рухани темірқазығы, өскелең ұрпақтың айнымас бағдары. Ұлы ойшылды тану – қазақты тану деген сөз. Мұхтар Әуезовтің және ұлт қайраткерлерінің мол мұрасы мен өнегелі өмірі туралы құнды ғылыми еңбектер жаздыңыз. Шоқтығы биік көркем шығармаларыңыз арқылы төл әдебиетіміздің құндылығын арттыра түстіңіз”, – деді президент.

Одан бөлек белгілі актер, көрнекті театр режиссері Нұрқанат Жақыпбайға "Қазақстанның халық әртісі" атағы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Виктор Хильниченкоға "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілді.

Қырмызы Скендір
Сәрсенбі, 12 Тамыз, 2026 15:20