Қазақстанда вакцина алғаннан кейін 482 адам коронавирустан көз жұмды
1 ақпаннан бері коронавирусқа қарсы вакцина алған 482 адам індеттен көз жұмды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой онлайн брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Бірінші ақпаннан тамыздың соңына дейінгі жағдай вакцина алған 482 адам қайтыс болды. Бұл коронавирустан көз жұмғандар санының шамамен 5 процентін құрайды", – деді Цой үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бұдан соң журналистер осы уақытқа дейін денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинияттың 1 ақпаннан 31 шілдеге дейінгі аралықта 115 вакциналанған адам көз жұмғаны туралы ақпаратын еске салды.
Алексей Цой бұл ақпаннан тамыз айын қоса алғандағы статистика екенін жеткізді.
"482 адамның бәрі – толық вакциналанғандар. Сіздер білесіздер, бізде шілде-тамыз айларында аурушаңдық өсіп, өлім-жітім көп болды. Сондықтан осындай айырмашылық бар. Бірақ бәрібір де коронавирустан қайтыс болғандардың дені вакцина алмағандар екенін көріп отырмыз. Сондықтан мен осыған назар аударуды сұраймын", – деп түйіндеді Цой.