Үш айлық қазақстандық сәбидің ұшақта жүрегі тоқтап қалды: анасы егіздерге ота жасатпақ болған
Бішкектен Ыстамбұлға ұшқан ұшақтағы жүрегі тоқтап қалған баланың анасы егіз балалардың бірін ауруханаға ота жасатуға алып бара жатқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы белсенді Аружан Саин әлеуметтік желіде хабарлады.
""Милосердие" ерікті қоғамы ҚҚ атынан Санкт-Петербургқа бару үшін Ыстамбұл арқылы рейске отыру үшін ұшқан кішкентай қазақстандықтың өмірін құтқарған доктор Режеп Шекерге үлкен алғысымды білдіремін", - деп жазды ол.
Айтуынша, Анкараға шұғыл қонғаннан кейін және баланы жергілікті клиникалардың біріне жатқызған соң Караман қаласының Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының (Парламентінің) депутаты Шекер мырза баланың анасы бір лира да төлемеуіне атсалысқан.
"Егіздер Ердан мен Нұрдан Болатхан жүктіліктің 27-ші аптасында шала туған. Әрқайсысының салмағы 1300 граммнан аспаған. Шала туған нәрестелердің денсаулығындағы ақауы көздің көруіне жауап беретін жүйкелеріне қатысты. Бала толықтай соқыр болып қалмас үшін бір немесе бірнеше ота жасау керек. Мұндай ота түрлері Қазақстанда әлі қолжетімсіз", - деп жазды ол.
Аружан Саин алдағы уақытта сәбилердің емінің сауатты жалғасуын қадағалап, бақылауда ұстайтынын жазды.
Айта кетейік, егіздер Түркия арқылы Санкт-Петербург емханасына ем алуға бара жатқан. Ол жақтағы емханада сәбилерді ота жасауға дәрігерлер күтуде.
Шала туған нәрестелердің ретинопатиясы - егіздерге қойылған диагноз. Қазіргі уақытта егіздер осы дерттен айығу үшін ота жасатуға, емге мұқтаж.
Еске салайық, Бішкектен ұшқан ұшақтағы қазақстандық сәбиді түрік депутаты және дәрігер Режеп Шекер аман алып қалғанын хабарлаған едік.